Наурызбай қажы Тағанұлы: Діни басқарма отыз жылда рухани ордаға айналды (ФОТО)

25 қараша 2020 3949 0
Оқу режимі

Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейтойына орай басталған халықаралық конференцияда негізгі баяндама жасаған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы осылай деді.

«2020 жылдың 12 қаңтарында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 30 жыл толды. Ширек ғасырдан астам мерзімде елімізде 2714 мешіт ашылды. Саламыздағы қызметкер саны 4 мыңнан асты. 9 медресе-колледж бен 6 қарилар даярлау орталығы ашылды. «Нұр Мүбәрак» университеті мен Ислам институтының жемісті еңбегінің арқасында кадр тапшылығы толық шешілді.

Біз 30 жылдық мереке аясында баспанаға аса мұқтаж 30 отбасыға пәтер кілтін табыстадық. Жомарт жандардың демеушілігімен 30 елді-мекенге көпір салдық. Оқуда озат болған, көмекке зәру отбасыдан шыққан 30 шәкіртке мүфтият грантын табыстадық. Республика бойынша 30 мың ағаш көшетін отырғыздық. «Өмірге үміт сыйла» акциясы аясында 1000-ға жуық өкпені жасанды тыныстандыратын аппараттарды тиісті орындарға жеткіздік. Бұдан басқа өңірлерде түрлі деңгейде қайырымдылық шаралар жүзеге асты. Діни басқарма 30 жылда рухани ордаға айналды.

Біз бұл жұмыстармен тоқтап қалмай, діни ағарту бағытында үлкен жобаларды қолға алдық. 2020 жылдың 10 қарашасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, жамағат арасында «Ихсан» ілімін, ал жалпы халқымызға Абайдың кемел адам концепциясын кеңінен насихаттау жайлы бастамамды жеткіздім. Президентке Қазақстанда Ислам академиясын құру, Ислам және теология кітапханасын салу, еліміздегі мешіттердің архитектурасын қазақы салт-санаға сай қалыптастыру туралы ұсыныстарымды айттым.
Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл ұсыныстарымды қолдап, Діни басқарманың ізгі іс-шараларын жоғары бағалап, игі тілегін білдірді» деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.

Пікірлер Кіру