Науқас сәбилердің аналарына мерекелік кеш ұйымдастырылды (ФОТО)

03 наурыз 2022 3358 0
Оқу режимі

Бүгін ҚМДБ Нұр-Сұлтан қаласы өкілдігіне қарасты «Ақмешіт» мешітінің ұйытқы болуымен «Бақытты шаңырақ» қорына мүше аналарға арналған «Асыл ана – ел жүрегі» атты мерекелік кеш өтті. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп жатқан отбасыларды қолдау және көмек беру бойынша құрылған «Бақытты шаңырақ» қорының орталығында мешіт қызметкерлерінің ұйытқы болуымен мерекелік концерт ұйымдастырылып, арнайы дастархан жайылды.

Сауапты шараға Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова бастаған бір топ өнерпаздар да өз үлесін қосып, тағдыр сынағына мойымаған қайсар аналарға құрметтерін көрсетті. Түрлі музыкалық аспаптардан күй төгіліп, әнмен әрленген шара аясында аналарға гүл шоқтары да таратылып, асқан қажырлықтары үшін өкілдік атынан «Алғыс хат» та табысталды.

Мерекелік кешке республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев қатысып, ізгі тілегін білдірді. Қала бас имамы Ерболат Жүсіповтің ыстық сәлемін жеткізіп, қайсар аналарды мерекесімен құттықтады.

Шара соңында ата-аналар мен балалар арнайы жайылған дастарханнан дәм татып, орталықтағы мерекелік көңіл-күй көпке дейін жалғасты.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру