Наиб мүфти: «Вакцинаны өзіміз үшін салдыруымыз керек» (ФОТО)

05 тамыз 2021 3492 0
Оқу режимі

ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат қажы Оңғар «Qazaqstan» ұлттық арнасына індетке қарсы вакцина жөнінде сұхбат берді.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы вакцина салуды қолдайды. Өйткені Ислам дінінде денсаулық – ең үлкен құндылық. Вакцина – ғылымның жетістігі десек, Ислам ғылымды қолдайды. Дәрігер мамандар коронавирус індетімен күресудің бірден-бір жолы вакцина екенін айтып отыр. Ал Ислам дінінде адамның өмірі мен денсаулығы әрқашан бірінші орында тұрады. Соған орай ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлынан бастап Діни басқарма қызметкерлері індетке қарсы вакцина салдырды. Оның ішінде отандық QazVac вакцинасын мен де салдырдым.

Вакцина алу ең алдымен өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін қажет. Одан кейін отбасымыздың, үшіншіден, қоғамның қауіпсіздігі, маңайымыздағы әріптестеріміз, ағайын-тума, дос-жарандардың індетке шалдықпауы үшін екпе алудың маңызы зор. Қасиетті Құранда да Алла Тағала: «Өз-өздеріңді қауіп-қатерге салмаңдар!» – деп ескерткен. Ендеше Қазақ елін дәрігерлердің, ғалымдардың айтқанына құлақ асып, өзіміз және жақындарымыздың, еліміздің амандығы үшін вакцина алуға шақырамын», – деді наиб мүфти.

Еске сала кетейік, коронавирус індетіне қарсы вакцинаны бүгінгі таңда Діни басқарма қызметкерлерінің шамамен 95%-ы өз еріктерімен салдырды.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру