Наиб мүфти халықаралық онлайн конференцияға қатысты (ФОТО)
Бүгін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XIX отырысы қарсаңында Бірінші халықаралық дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Іс-шараны Сыртқы істер министрлігі мен Ақпараттық және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Елшілігі Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығымен бірлесіп ұйымдастырды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының алдағы ХІХ отырысы аясында Үндістандағы Сомая Видьявихар университеті базасында «Пандемия жағдайында қоғам мен мемлекеттердегі бейбітшілікті, келісім мен бірлікті нығайтудағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Cъезінің рөлі» тақырыбында өткен дөңгелек үстелге Ершат Ағыбайұлы онлайн қатысып, баяндама жасады.
«Елімізде тыныштық пен бірлік салтанат құрып, сүттей ұйыған шаңырақ астында түрлі этнос пен конфессия өкілдері Тәуелсіз Қазақ елінде өмір сүріп жатыр. Мемлекетіміз ешкімді тілі мен дініне қарап бөлмейді. Барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы ішкі және сыртқы тұрақтылықты нығайтуға күш салып отыр. «Біріккен бітіреді, ұйымдасқан ұтады» деген ұлағатты сөзде терең мән бар. Ұл мен қыздың, өскелең ұрпақтың ертеңіне алаңдаған ұлтымыздың ізгілері «Береке басы – бірлік» деу арқылы бірлік пен тұтастықтың маңызды екенін түсіндіріп келеді», – деді Ершат қажы Ағыбайұлы.
Дөңгелек үстелге Қазақстанның Үндістан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Н.Жалғасбаев, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаевтың орталығының Басқарма Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің мақсаттары мен міндеттері ілгерілету жөніндегі уәкіл Б.Сәрсенбаев, Архиепископ, Астанадағы Әулие Мәриям епархиясының митрополиті Томаш Пэта арнайы қатысты.
Еске сала кетейік, 2022 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өтеді.
Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі