МҰСЫЛМАН ЗИРАТТАРЫН ТАЗАЛАУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ (ФОТО)

29 сәуір 2023 4655 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2023 жылғы айтулы шаралар жоспарына сай, «Өткенге құрмет – тіріге міндет» тақырыбында «QАМQOR-SНARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен  еліміздің барлық аумағындағы зират басына тазалық жұмыстары жүргізілді.

Мұсылман зиратының маңайын тазалап отыру - жәй ғана міндет емес, ізгі амал. Осы ізгі амалды өскелең ұрпаққа көркем түрде насихаттау,  дүниеде қадірлі болған мұсылман адамның қабірін аяқасты етпей, құрметпен қарау - бүгінгі шараның негізгі мақсаты.

Астана қаласының дін қызметкерлері мен еріктілері Елордадағы үлкен 7 зиратты тазалады. Игі шараға кіріспес бұрын Алланың кәламын сақтаған қари Құран оқып, қорымда жатқан барша әруақтар рухына бағыштады. Қазақы дәстүрге сай үлкен ақсақалда бата алынып, жиылған жұрт сауапты іске кірісті.
ҚМДБ «Уақып» қорының өкілі Ардақ Оразбай сөз сөйлеп, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының лебізін жеткізді.  Бүгінгі шараның өтуіне ұйытқы болған «QАМQOR-SНARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы өздерін таныстырып, орталқтың негізгі міндеттерін атап өтті. Игі шара барысында «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Әділхан Иманәліұлы бүгінгі шараның маңыздылығын атап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырды. 

Зираттар тазаланып болған соң қабірлерді зиярат етудің ережелері жазылған тақтайша ілініп,  ҚМДБ-ның 2020 жылы имамдардың республикалық IV форумында қабылдаған «Зират және зиярат мәдениеті» құжаты жамағатқа түсіндірілді.

«Алла Тағала Құрандағы «Исра» сүресінің, 70-аятында: «Расында Адам баласын ардақтадық» деп, адамды тірі күнінде де, дүние салғаннан соң да құрметтеуге бұйырған. Асыл дініміз дүниеден қайтқан адамды соңғы сапарына жуындырып, арулап ақ матаға орап, хош иіс сеуіп, жаназасын оқып, құрметпен Жер ана қойнауына тапсырады және одан кейін де дүниеден өткен адамның ары мен абыройын құрметтеуге үндейді. Қайтыс болған адамның есеп-қисап болатын қияметке дейінгі уақытша мекені болған қабірлерді таза ұстау – баршамыз үшін қайырлы іс саналады» дейді ұйымдастырушылар.

Аталмыш игі іс-шараға мешіттердің дін қызметкерлері мен ерікті жамағат, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен мекемелер де қатысты.

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру