МҰХАРРАМ АЙЫ – ЖЫЛ БАСЫ

19 шілде 2023 2554 0
Оқу режимі

Биыл, 19 шілде – һижра күнтізбесі бойынша 1445 жыл, мұхаррам айының бірінші күні.

Шариғатымызда ұлы ғибадат болып саналатын қажылық парызының аяқталуымен жаңа жыл басталады. Яғни зұлхижжа айынан кейін келетін мұхаррам айының кіруімен жаңа жыл басталады. Осы ретте еліміздегі барша мұсылман қауымын жыл басы – мұхаррам айының келуімен шын жүректен құттықтаймын. Алла Тағала әрбір отбасыға бақ пен береке, ынтымақ пен ырыс нәсіп еткей. Жыл басында жоспарлаған игі істеріңіз берекелі болғай.

Жаратушы Жаббар Иеміз қажылық айында мұсылмандар үшін нығметін тәмәмдағанын жеткізіп былай деген:

«Бүгін Мен сендердің діндеріңді кемеліне жеткіздім, сендерге деген нығметімді тәмәмдап, Исламды сендерге дін етуге разылық таныттым» («Мәида» сүресі, 3-аят).

Бұл қасиетті аят – Құран Кәрімнің соңғы түскен аяттарының бірі. Ендеше осы аят түскен аймен мұсылман күнтізбесі де тәмәмдалып, тағы бір жылды қорытындылайтын сәт келеді.

Мұхаррам айында келетін Ашура – мұсылман тарихындағы айтулы күндердің бірі. «Ашура» сөзі «оныншы» деген мағынаны білдіреді. Яғни мұхаррам айының оныншы жұлдызы. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алғаш Мәдина қаласына келгенде Рамазан айының оразасы парыз болмаған шақта қаладағы яһудилердің мұхаррамның оныншы күні ораза ұстайтындығын көріп, олардан бұл оразаның себебін сұрайды. Сонда олар: «Бұл – біз үшін айтулы күн. Нақ осы күні Алла Тағала Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар мен қауымын озбыр Перғауыннан құтқарған», – деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Олай болса Мұсаға (оған Алланың сәлемі болсын) сендерден гөрі мен жақынмын», – деп, мұсылмандарға осы күні ораза тұтуға бұйырады. Бірақ кейінірек Рамазан оразасы парыз етілген соң: «Қалаған адам тұтсын, қаламаған адам аузын ашсын», – деп ерікті ораза ретінде қалдырады.

Алла Тағала жаңа жылымызды құтты, берекелі, мүбәрак етіп, қасиетті айда атқаратын ізгі амалдарымызға мол сауаптан жазғай. Әмин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру