МҮФТИЯТ ҚҰЛСАРЫДА ТАСҚЫННАН ЗАРДАП ШЕККЕН ОТБАСЫҒА ҮЙ СЫЙЛАДЫ (ФОТО)

06 мамыр 2024 1192 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Қиындықта ел бірге» жобасы аясында су тасқыны болған Атырау облысы Құлсары қаласының тұрғынына баспана табысталды.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жақында су тасқынынан зардап шеккен Жылыой ауданы Құлсары қаласына арнайы келіп жергілікті халықпен жүздесіп, қиындықта мүфтият әрқашан елмен бірге екендігін жеткізген болатын. ҚМДБ Төрағасының бастамасымен табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек те жеткізілді.

Сондай-ақ ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйытқы болуымен «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында 757-баспана Айгүл Бекесқызы Орынбаеваға табысталды. Пәтер кілтін табыстау үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының кеңесшісі Кенжетай Байкемелұлы арнайы Құлсары қаласына арнайы барды.

«Өздеріңіз білетіндей, ҚМДБ төрағасы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өңірге сапары барысында қиындықта елмен бірге мүфтият тарапынан барлық көмектер көрсетілетінін айтып кетті. Бүгін Алланың қалауымен, ел-халықтың көмегімен «Қиындықта ел бірге» жобасы аясында беріліп отырған үшінші баспананы табыстап отырмыз. Еліміз аман, Алла Тағала қауіпсіз, бейбіт мекен қылғай» деді Кенжетай Байкемелұлы.

Сондай-ақ, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ықыласын жеткізе отырып, мүфтияттың қолдауымен қиын кезеңде халыққа әрдайым демеу білдіріп, көмек қолын созған еріктілер қатарында еңбек еткен Аманжол Серікұлы мен Анар Сансызбайқызына үлкен қажылыққа жолдама табыстады.

Құлсары қаласы Жылыой мұсылмандары мешітінде 100 адамға бірінші кезектегі азық-түлікпен қайырымдылық көмек көрсетті.

Еске сала кетсек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Зекет және қайырымдылық қорының» ұйымдастыруымен бірнеше мәрте елімізде су басқан аймақтарға гуманитарлық көмек көрсетілген болатын.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру