Мешіт төбесін қардан тазарту жұмыстары басталды (ФОТО)

17 ақпан 2019 7602 0
Оқу режимі

Ақырған аяздың беті қайтып, көктем лебі біліне бастаған шақта Астана қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі сенбілік жұмыстары да жандана бастайды. Атап айтқанда, аумағы атшаптырым алып мешіттің төбесін қардан тазарту жұмыстары ұйымдастырылып, құлшылық ордасының қызметкерлері мен жамағаты сауапты іске белсене кіріседі.

Қыс бойы үйілген қасат қардың күн жылынысымен-ақ көл-көсір суға айналып, еліміздің Бас мешітінің сәулетіне нұқсан келтіретіні сөзсіз. Осы себепті де қолына күрек ұстап, сенбілікке қатысуға мешіт жамағаты да тым белсенді. Бір үйдің баласындай біріге қимылдап, өздерінің сүйікті мешіттеріне үлестерін қосып жатқанына дән риза екендіктері жүздерінен байқалып тұрғандай.

Бүгінгі демалыс күні де осы шара өз жалғасын тауып, мешіт төбесін қардан тазарту жұмыстары басталып кетті. Мешіт имамдары бас болып, жамағат қызу қолдау танытқан сенбілік жұмысы алдағы апталардың демалыс күндері тағы да өткізілетін болмақ. Атсалысам деген жандар үшін екі қолға бір күрек қашанда табылады.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру