Мешіт қызметкеріне Бас мүфти атынан «Алғыс хат» табысталды (ФОТО)
Нұр-Сұлтан қаласындағы «Сәдуақас Ғылмани» мешітінде қызмет атқаратын Наград ағамызды білмейтін жамағат жоқ шығар. Қашан көрсеңіз, қолына таяғын сығымдай ұстап, құлшылық ордасының кем-кетігін жөндеп, жыртығын жамап келе жатқан Наград Әленханұлы осы мешіттің шаруашылық меңгерушісі, іс басқарушысы қызметтеріне аттай 23 жылын жұмсаған екен.
Ширек ғасырға жуық уақыт бойы Алла үйінің абыройын ақтап, қарашығындай аялап келе жатқан ағамыздың ересен еңбегін ескерген Діни басқарма басшылығы Наград Әленханұлына бүгін арнайы «Алғыс хат» табыстады. Еңбегі жанған білікті қызметкерді ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қабылдап, арнайы кездесу өткізді. Кездесу барысында Наград Әленханұлының құлшылық ордасына сіңірген сүбелі еңбегін, жақында ашылған ҚМДБ ғимаратының жұмыстарына қосқан қажырлы үлесін ерекше атап өткен Наурызбай қажы Тағанұлы ілтипатын білдіріп, Бас мүфти «Алғыс хатын» табыс етті.
Дереккөз: Muslim.kz