МЕККЕДЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ (ФОТО)
Сауд Арабиясы Корольдігінің Ислам істері және уағыз-насихат министрлігінің ұйымдастыруымен қасиетті Мекке қаласында «Модерация қағидаттарын ілгерілету және модерация құндылықтарын бекітудегі Уақыптар және Ислам істері министрліктерінің рөлі» тақырыбындағы IX халықаралық конференциясы өтті.
Әлемнің 60 елінен делегаттар жиналған конференцияға ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен наиб мүфти Ершат Оңғар қатысты.
Үш күнге созылған ауқымды шарада экстремизмге, фанатизмге және терроризмге қарсы тұру, толеранттылық және жалпы адамзаттық құндылықтарын қалыптастыру, діни дискурс және оның модерация принциптерін ілгерілетудегі және модерация құндылықтарын бекітудегі рөлі, білімсіз берілген немесе маман иесі бермеген пәтуаның қауіптілігі, мұсылман елдеріндегі отаншылдықты нығайту және оның мұсылман қоғамының тұрақтылығына әсері мен мәдени жаһандану тұрғысынан исламдық ерекшеліктер, имамдарды, уағызшыларды, азаншыларды тағайындау және мешіттерді салу мен жөндеу жұмыстары бойынша тәжірибе алмасу, уақып қорларының тәжірибесі мен жалпы ішкі өнімді арттырудағы рөлі, Ислам істері және уақыптар министрліктерінің заманауи байланыс құралдарын пайдалану мен оның қауіп-қатерінен сақтану жолдарын қолданудағы рөлі және атеизмнің қауіптілігі сынды тақырыптар қозғалып, жалпы саны 9 сессия өтті.
Наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы 4-сессияда баяндама жасап, қатысушыларға ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізді. Сондай-ақ ол білімсіз берілген немесе маман иесі бермеген пәтуаның қаншалықты қауіпті екеніне тоқталып, оның мұсылман қауымына, жалпы қоғамға келтіретін зардабын айтып өтті.
Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі