Көкшетауда ардагер имамға баспана берілді (ФОТО)

13 ақпан 2021 3513 0
Оқу режимі

Ақмола өңірінде ширек ғасырдан бері имамдық қызмет атқарып келе жатқан Нұрлан Әбенұлының отбасына ойламаған жерден Көкшетау қаласының қақ төрінен осы заманғы сәулетпен салынған көп қабатты үйден пәтер сыйға берілді.

Салтанатты рәсімге жиналған көпшілік имамның қуанышына ортақтасты. Тосынсыйдан бейхабар Н.Әбенұлының өзін де, отбасын да қуантқан игі шарада Ақмола облысының бас имамы Қуаныш Сәбит баспананың «Ел үлесі – пәтерге!» жобасы аясында өңір бойынша беріліп отырған он бесінші пәтер екенін айрықша атады. Ұзақ жылдар табан аудармай Көкшетау қаласындағы мешіттерде имамдық қызмет атқарып келе жатқан Нұрлан имамға да жақсы лебіздерін білдірді. Бүгінде республикалық жобаға айналған бұл бастаманың алғаш Көкшетауда басталғанын, осыған Қуаныш Сәбиттің мұрындық болғанын айтқан «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Смағұл да ізгі тілегін жолдады.

Имамға үй сыйлап, қайырымды іске демеуші болған меценат Ерсайын Ғабдуллинге дін қызметкерлері ризашылығын жеткізді. Ұдайы қайырымдылық жасауға жақын тұратын бұл азамат осы жолы да атымтай жомарттық танытты.

Өздерінің тілектерін білдірген азаматтар да асыл дініміздегі бауырмалдықтың тағылымын тілге тиек етіп жатты. Ең бастысы, көпбалалы дін қызметкеріне жасалған қамқорлық дініміздің алтын арқау тағылым етер жолы іспеттес. Салтанатты пәтер сыйлау рәсімінен кейін жиналған қауым Нұрлан Әбенұлының жаңа қонысында жайылған дастарханнан дәм татты.

Дереккөз: ҚМДБ Ақмола облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру