«ИСЛАМ ЖӘНЕ АДАЛ ҚОҒАМ» КІТАБЫНА ҒАЛЫМДАР МЕН ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІ ЖОҒАРЫ БАҒА БЕРДІ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің «Ислам және адал қоғам» атты кітабының таныстырылымында мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар сөз сөйлеп, еңбектің рухани-ағартушылық және қоғамдық маңызына жоғары баға берді.
Алғашқы болып сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері, профессор, академик Ғарифолла Есім кітапта көтерілген мәселелердің бүгінгі қоғам үшін өзектілігіне тоқталды. Ғалым адалдық, әділдік пен жауапкершілік ұғымдары жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның рухани тірегі екенін атап өтті. Сондай-ақ бұл құндылықтарды діни және философиялық тұрғыдан сабақтастыра қарастырудың маңызын жеткізді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Берекет Кәрібаев еңбектің тарихи және рухани мазмұнына ерекше назар аударды. Ғалым ислам құндылықтарының қазақ халқының салт-дәстүрі мен дүниетанымымен сабақтастығын зерделеудің маңызын атап өтіп, ұлттық болмысымыздың қалыптасуына ықпал еткен рухани мұраны кеңінен насихаттау қажеттігін айтты.
Мемлекет және қоғам қайраткері, Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов кітапта қозғалған мәселелердің қазіргі қоғам өмірімен тығыз байланысты екенін атап өтті. Сондай-ақ адалдық пен жауапкершілік жеке адамның бойындағы ізгі қасиеттер ғана емес, қоғамдағы өзара сенім мен қоғамдық мәдениетті қалыптастыратын маңызды құндылықтар екеніне назар аударды.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов еңбектің тілі мен мазмұнына тоқталып, діни-рухани ұғымдардың оқырманға түсінікті әрі ұтымды жеткізілгенін атап өтті. Ғалым кітаптың адамгершілік құндылықтарды дәріптеумен қатар, оқырманды ізгілікке, көркем мінезге және адалдыққа үндейтін тәрбиелік маңызын ерекше бағалады.
Таныстырылымда сөз сөйлеген зиялы қауым өкілдері «Ислам және адал қоғам» еңбегінің қоғамда адалдық мәдениетін қалыптастыруға, рухани құндылықтарды нығайтуға және өскелең ұрпақ тәрбиесіне үлес қосатынына сенім білдірді.











Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі