ІІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СӘН КИІМ БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ (ФОТО)

30 қазан 2022 2756 0
Оқу режимі

Бүгін Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен ІІ республикалық мұсылман әйелдерінің «Әсем киім – әйел ажары» сән киім байқауы басталды.

Байқауға қатысқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Асыл дініміз Исламда әйелге айрықша мәртебе берілген. Имандылық, ізеттілік, қайырымдылық, жанашырлық жолын ұстанған халқымыз қыз-келіншекті құрметтеудің үлгісін көрсеткен. Қызды құрметтеуге келгенде оны тіпті төрге шығарған, ал тәрбиесіне келгенде қызды қырық үйден тыйған. Осы тыйымның бәрі әйелдің иманы мен құрметін, ары мен ұятын қорғайды.

Расында, қазақ халқында: «Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген нақыл сөз бар. Мұның мағынасы өте терең. Өйткені, кез-келген адамның анасы - оның алғашқы медресесі. Адам баласы алғашқы тәрбиені анасынан алғандықтан, бұл ретте сіздерге жүктелер міндет аса үлкен. Алла жар болсын. Бүгінгі іс-шараға сәттілік тілеймін» деді.

Айта кетейік, іс-шараның мақсаты – әйел-қыздарға шариғат пен дәстүрімізге сай, қазіргі заман талабына орай орамал мен мұсылманша киім үлгілерін ұсыну.

Байқауда облыс-өңірден келген жиырмаға жуық дизайнердің ұсынған 200-ден астам мұсылманша киім үлгілері көрсетілуде. Байқау соңында жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталады.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру