«Ғылмани» мешітіне Рамазан қарсаңында күрделі жөндеу жүргізілді (ФОТО)

04 мамыр 2019 7513 0
Оқу режимі

Елордамыздың оң жағалауынан орын тепкен «Ғылмани» мешіті шаһар мұсылмандарына ертеден таныс. Іргетасы сонау 1996 жылы көтерілген бұл құлшылық ордасы ұзақ жылдар бойы қала халқын руханиятқа ұйытып, имандылыққа шақырған құтты орын болып келеді. Ашылғалы бері сан мың жамағаттың сәждесіне куә болып келе жатқан ғимараттың уақыт тезіне төтеп беріп қана қоймай, жыл санап көркейіп келе жатқан да жайы бар. Әрине, бұл игіліктің бір ұшы құлшылық ордасын көзінің қарашығындай аялаған мешіт қызметкерлерінің қамқорлығы мен Алла үйіне деген ықыласы айрықша демеуші азаматтардың жанашырлықтарында жатқаны сөзсіз.

Исі мұсылман қауымы сағына күткен қасиетті Рамазан қарсаңында бұл құлшылық ордасы түгелдей күрделі жөндеуден өткізіліп, ұлық айды жарқыраған салтанатпен қарсы алуға әзір. Жақында ғана Бас мүфти бұйрығымен «Ғылмани» мешітінің бас имамы қызметіне тағайындалған Нұрлан Рамазановтың ұйытқы болуымен құлшылық ордасында бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізіліп, жамағатқа жайлы жағдай жасалды.

Атап айтқанда, мешіт ішіндегі ауа тазартқыш-желдеткіш жүйелері толығымен жаңартылған. Тарауих намаздары кезінде ауа тарылып, жайсыздық сезінетін мешіт жамағаты үшін жағымды жаңалық осы болды. Сондай-ақ, кілемдері түгелдей ауыстырылып, ішкі және сыртқы қабырғаларына жүргізілген арнайы химиялық тазарту жұмыстарынан соң құлшылық ордасы құлпырып сала бергендей. Күмбезі күнге шағылып, тазарту жұмыстарынан соң анадайдан ағараңдап көз арбаған мешіт мұнаралары, аула ішінде тігілген аппақ қиіз үй мен «Рамазан шатыры» да құлшылық ордасын ерекше күйге бөлеп, қасиетті Рамазанға асықтыра түскендей.

Мешіт бас имамы Нұрлан Рамазановтың айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстары әлі де жалғаса түсетін көрінеді. Сүйегі мықты салынған ғимараттың астыңғы қабаты әуел баста дәріс бөлмелеріне лайықталып жоспарланған көрінеді. Дегенмен, жылдар өте келе су өтіп, сыз тиген бөлмелер пайдалануға жарамсыз болып, жертөлеге айналып кеткен екен. «Осы орайда мешіттің астыңғы қабатында құлшылық орнына айналдырып, мешіттегі орын тапшылығын азайту жоспарланып отыр», - дейді мешіттің бас имамы.

Жылдағы үрдіс бойынша енді екі күннен кейін бұл жерде күн сайын 400 жанға ауызашар беріліп, Рамазан кештері тарауих намаздарымен әсемдене түспек. Сәулеті артып, жарқырай түскен мешіттегі жайлылық жамағатқа жылы әсерін тигізері сөзсіз. Олай болса, құрметті оқырман! Нұр-Сұлтан қаласының құлшылық ордалары қасиетті Рамазанға осындай әзірлікпен дайындалу үстінде. Ал, сіз дайынсыз ба?!

Суреттер мына сілтемеде

  

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру