«ҒЫЛМАНИ» МЕШІТІНДЕ ШӘКӘРІМ ҚАЖЫНЫҢ ДІНИ ЕҢБЕКТЕРІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ (ФОТО)

29 қараша 2023 2226 0
Оқу режимі

Азаматтарды жат ағымнан сақтандыру, әсіре діншілдік пен теріс танымдарға жол бермеудегі қазақ халқының сан ғасырлық тарихи төл тәжірибесінің маңызы айырықша. Әсіресе таяу заманғы тарихымызда Абай мектебінен нәр алған ғұламалардың еңбегін елемей кетуге болмайды.

Бүгінгі дін сан алуандық аясында ұлттық бірегейлікті сақтап қалу мәселесінде, Абай шәкірті, көрнекті Алаш қайраткері, ғұлама ғалым, ірі ойшыл, дін білгірі Шәкәрім қажы Құдайбердіұлының «Мұсылмандық шарты», «Үш анық» еңбектерінің алатын орны орасан.

Құптан намазынан кейінге орайластырылған іс-шарада қазақ топырағындағы қайраткерлердің діни танымын саралап, абайтану жолында талаптанып жүрген журналист Оразбек Сапархан жиналған көпшілікке аталмыш екі еңбек туралы мағлұмат берді.

Оразбек Сапархан бұл еңбектердің қазақ қоғамында қалыптасқан күрделі діни ахуалдарды реттеудегі маңызына тоқталып, кітаптың танымдық, мазмұндық, стильдік ерекшеліктерін ашып айта отырып, «Мұсылмандық шарты» еңбегінің қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне байланысын, ой жүйріктігін, діни шаблондардан ада айырықша сипатын атап өтті. Басқа халықтардың мәдениеті мен ойлау жүйесінен ада қазақы таным мен ойлау жүйесі негізінде жазылған еңбектердің бүгінгі Қазақстандағы мұсылмандардың дінде шектен шықпауына, жат ағымның жетегінде кетпеуіне, тіпті түсінуге оңай, игеруге икемді мазмұндық ерекшеліктерін ескермеуге болмайтынын тілге тиек етіп, «Мұсылмандық шартының» мешіт-медреселерде оқулық болуға сұранып тұрған еңбек екенін жеткізді.

Рухани шарадан мол мағлұмат алған жамағат мешіт бастамасына дән ризашылығын білдірді.

  

Дереккөз: sunna.kz

Пікірлер Кіру