Елордада «Тұлғасы биік тәлімгер» атты Мәуліт кеші өтті (ФОТО+ВИДЕО)
Кеше Елорда төрінде ҚМДБ Нұр-Сұлтан өкілдігінің ұйымдастыруымен «Тұлғасы биік тәлімгер» атты Мәуліт кеші болып өтті. Еліміздің іргелі оқу орындарының бірі Еуразия Ұлттық университетінің қолдауымен өткен шараға оқу ордасының шәкірттері мен ұстаздар қауымы қатысып, ардақты Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өнегелі өмірімен жақын таныса түсті.
Шара шымылдығы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың өмірінен сыр шертетін Мәуліт жырымен басталып, әсерленген көрерменнің орындарынан тік тұрып салауат айтуымен ашылды. Рухани шараға арнайы қатысқан ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы барша қатысушыларды Мәуліт мерекесімен құттықтап, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) ғибратты ғұмырынан мысалдар келтіре отырып, тағылымды насихат жеткізді. Сондай-ақ, белгілі академик Ғарифолла Есім мен «Нұр Мүбәрак» университетінің проректоры, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі Қайрат Құрманбаев ағаларымыз да жастарға Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) жайлы құнды мағлұматтар айтып, рухани кештің салмағын арттыра түсті.
Екі дүние сардарына (с.ғ.с.) деген сағыныш бұл күні сахна төрінде салауат болып айтылып, ақындарымыздың тілінде жыр болып өріліп, термеші-күйші өнерпаздардың домбырасынан тасқындай құйылды. Сондай-ақ, Жігер Ауыпбаев пен Сержанәлі Әлібек сынды белгілі әншілер де Мәуліт шарасына өз үлестерін қосып, көрерменді рухани әндерімен қуанта түсті.
Шара аясында осы оқу ордасында білім алып жатқан шәкірттер арасынан топ жарып, жастық жалыны мен алтын уақытын оқып-білуге, ізденуге арнаған 5 білімпаз студентке арнайы «Мәуліт сыйы» беріліп, көрермен алдында арнайы құрметпен марапатталды. Наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы мен академик Ғарифолла Есім студенттерге сыйлықты өз қолдарымен табыстап, ізгі тілектерін білдірді.
Оқу ордасы қабырғасында алғаш рет өткізілген Мәуліт шарасы көрермен қауымына ерекше әсер қалдырып, таным көкжиектерін кеңейте түскен кеш болды. Бұл жайында Еуразия Ұлттық университетінің проректоры, акамдемик Дихан Қамзабекұлы да өз сөзінде қуаттай келе, Мәуліт кешінің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Рухани шараға қала әкімі Алтай Сейдірұлы да айрықша құрмет көрсетіп, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз туылған Мәуліт мерекесімен құттықтау хатын жолдады. Шаһар әкімінің ізгі лебізін Дін істері басқармасының басшысы Нұрдәулет Иманәліұлы оқып беріп, барша көрермендерді мәуліт мерекесімен құттықтады.
Суреттер топтамасын «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!
Дереккөз: Muslim.kz