Елордада мүмкіндігі шектеулі балаларға мерекелік дастархан жайылды (ФОТО)

17 наурыз 2022 3478 0
Оқу режимі

Бүгін ҚМДБ Нұр-Сұлтан қаласы өкілдігінің ұйытқы болуымен Әз-Наурыз мейрамына орай мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерге мерекелік дастархан жайылып, қуанышқа толы шара өтті. Мерекелік кешке Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тіркеуде тұрған 100 бүлдіршін мен олардың ата-аналары шақырылып, құрметті қонақ болды.

Қасиетті Құран аяттарымен ашылған шара барысында қазақы қара домбыра күмбірлеп, ән мен күйден шашу шашылды. Ақ дастархан басында алқақотан бас қосып, көңілді кештің шуағын сезінген бүлдіршіндер де, ата-аналар қауымы да қосыла ән шырқап, мәре-сәре күй кешті.

Қайырымдылық шарасына Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов, Дін істері басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұқанов және демеуші азаматтар да арнайы қатысып, өздерінің ізгі тілектерін білдірді.

Шара аясында қазақы салт-дәстүріміз де жаңғырып, ел ағалары кішкентай бүлдіршіннің тұсаукесер рәсімін өткізді. Тәй-тәйлаған кішкентай бүлдіршіннің алғашқы қадамына куә болып, ағалар ақ батасын арнады.

Шара соңында осындай мерекелік көңіл-күй сыйлап, балалар көңіліне қуаныш сепкен ҚМДБ Нұр-Сұлтан өкілдігіне орталық қызметкерлері алғыс білдіріп, Бас имам Ерболат Нұрылдаұлы мен «Зекет және қайырымдылық» қорының Нұр-Сұлтан өкілдігі бойынша жауапты қызметкері Мерей Жақияға «Алғыс хат» табыстады.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру