ЕЛОРДАДА МЕШІТ ЖАСТАРЫ АРАСЫНДА ПІКІРТАЛАС САЙЫСЫ ӨТТІ (ФОТО)

19 ақпан 2023 3109 0
Оқу режимі

Кеше Астана қаласындағы «Aqmeshit» мешітінде Жастар ісі секторының ұйымдастыруымен «Ғаламтордың пайдасы және зияны» атты пікірталас сайысы өтті. Сайысқа қаладағы 12 мешіт бойынша 12 үміткер қатысып, ғаламтор желісінің пайдасы мен зиянын талқыға салып, тұшымды ой-пікірлерімен бөлісті.

Пікірталас сайысына Еуразия Ұлттық университеті Жастар департаментінің бас маманы Дәрібай Мұратбек Оңталапұлы, ҚМДБ Жастар ісі секторының меңгерушісі Әділет Көпен, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Тамирлан Ибраев және «Aqmeshit» мешітінің бас имамы Дәурен Муслимовтар  шақырылып, қатысушылардың арасынан үздігін таңдау төрелігі берілді.

Бас мүфти бастамасымен жарияланған «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында ұйымдастырылып отырған пікірталас сайысының да басты мақсаты – елдің ертеңі болатын жастар бойына дұрыс білім сіңіріп, жақсы-жаманның жігін айыра алатын парасатты азамат болып қалыптасуына септігін тигізу. Сайысқа қатысушы үміткерлер де осы мақсат үддесінен табылып, көрермен жамағат алдында өз білімдері мен шешендік өнерлерін паш етті.

Сайыс қорытындысы бойынша қатысушылардың барлығына арнайы «Алғыс хат» табысталып, қаржылай сыйлықпен марапатталды. Қазылар алқасының шешімімен Әлібек Талғатұлы «Үздік спикер» деп танылды.

Суреттер топтамасын «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Пікірлер Кіру