Елордада ІХ республикалық қарилар байқауы басталды (ФОТО+ВИДЕО)
Елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан ІХ республикалық байқау басталды.
72 үміткер қатысып жатқан байқаудың ашылу рәсіміне ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, сөз сөйледі. Қасиетті Құран Кәрім оқылып, Бас мүфти дұға жасады.
«Баршаңызға Алланың амандығы мен берекетін тілеймін. Раббымыз бүгінгі игі шарамыздың сәтті өтуін нәсіп етсін. Әмин!
Асыл дініміз Исламдағы ең абзал құлшылық – Құран оқу және оны жаттау. Әйгілі сахаба Осман ибн Аффанның (оған Алла разы болсын): «Жүректеріміз таза болғанда, Раббымыздың сөзіне тоймас еді. Шын мәнінде, мен бір күнімді де Құранға көз салмай өткізуді қаламаймын» деген сөзінде үлкен мән мен мағына жатыр.
Ал адамдардың ең абзалы – Құранды жатқа білетіндері. Хадис-шарифте ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Адамдардың ең жақсысы – Құранды жатқа білген, Алланың дінін жақсы түсінген, Алладан қатты қорыққан, адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйған және туған-туыспен қарым-қатынасы өте көркем болған жан» деген.
Құрметті қарилар! Бүгінгі байқаудың мақсаты – жаттаған Құрандарыңызды естеріңізге қайта түсіру, халықаралық жарыстарға қазақстандық қариларды қатыстыру, облыстық, аудандық, қалалық мешітке бір қариды қызметке тағайындау, елімізде қарилар орталығының жұмысын жандандыру, өздеріңіздей Құран жаттаған жандардың санын арттыру.
Осы ретте әділқазы болып сайланған тәжірибелі Кәмілжан, Сәдуақас, Еркінбек, Ерсін, Жұманазар қариларымыздың жұмысына береке тілейміз. Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік қариды анықтайтын байқауды бастауға рұқсат. Игі шараны ашық деп жариялаймын. Баршаңызға Алла жар болсын!» деді Бас мүфти.
Айта кетейік, екі күнге созылатын қарилар байқауы Діни басқарманың 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Елдегі пандемияға байланысты байқаудың «Хикмет студиясының» YouTube-арнасынан, «Халық Арна» телеарнасы және Мүфтияттың Instagram-дағы ресми парақшасынан онлайн көрсетілімі өтіп жатыр.