Елордада әйел ұстаздардың Республикалық конференциясы өтті (ФОТО)

10 наурыз 2022 3260 0
Оқу режимі

Елордада ҚМДБ Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тағдыры» атты әйел ұстаздардың республикалық конференциясы өтті.

Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде өткен алқалы жиынға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, белгілі қоғам қайраткерлері және ҚМДБ өкілдіктеріндегі Әйел-қыздар секторының меңгерушілері мен әйел ұстаздар қатысты. Жиынды Әйел-қыздар секторының Нұр-Сұлтан қалалық өкілдігінің меңгерушісі, «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Динара Құтқожақызы жүргізді.

Мемлекет басшысы жарияланған «Балалар жылы» аясында ұйымдастырылып отырған Республикалық конференция тұңғыш рет еліміздің барлық өкілдіктеріндегі әйел ұстаздардың басын қосып, бала тәрбиесі жөнінде өзара тәжірибе алмасуына жол ашты. Қасиетті Құран аяттары оқылып, батамен басталған берекелі басқосуға арнайы қатысқан Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да конференция жұмысын айрықша атап өтіп, бала тәрбиесіндегі ана рөлінің маңыздылығына тоқталды. Осы бағытта мешіттерде жемісті еңбек етіп, әйел жамағатын имандылыққа тәрбиелеп келе жатқан ұстаздарға өз алғысын білдірді.

Республикалық конференция отырысына елімізге белгілі қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Технологиялық колледжінің директоры, Мәслихат депутаты Ләззат Мұратқызы қатысып, «Бала тәрбиесіндегі әкенің орны» және «Алып анадан туады» тақырыптарында сүбелі баяндама жасады.

Әйел ұстаздардың өзара тәжірибе алмасып, республикалық деңгейдегі жұмыстар бойынша ортақ қорытуына бағытталған конференция аясында Алматы қаласынан Гүлмира Илесбекқызы, Қарлығаш Қажымәлікқызы (Павлодар өкілдігі), Кенжегүл Құрманғалиқызы (Ақтөбе), Данагүл Төлегенқызы (Семей аймағы), «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Эльмира Бұхарбаевалар бала тәрбиесіне қатысты түрлі тақырыпта баяндама жасады.

Шара соңында Республикалық конференция қатысушыларына арнайы естелік сыйлықтар тарту етілді.

 

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру