Елорда жастары Қарттар үйінде мерекелік шара өткізді (ФОТО+ВИДЕО)

07 наурыз 2019 12133 0
Оқу режимі

Бүгін Астана іргесіндегі Малотимофеевка ауылындағы Қарттар үйінде мерекелік шара болып өтті. Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Астана қаласы өкілдігінің Жастар ісі секторының ұйымдастыруымен жүзеге асқан мерекелік жиын қарияларымызға қуаныш сыйлап, жандарын жадыратты.

Қарттарымызға құрмет танытып, мереке қарсаңында көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға тырысқан бұл шараға «Әзірет Сұлтан» мешітінің «Инабат»  және Астана қаласы ДПЗО-ның «Ханшайым» қыз-келіншектер клубы, Еуразия Ұлттық университетінің студенттері, ҚМДБ Жастар ісі секторының мен Астана қаласы Дін проблемаларын зерттеу орталығының қызметкерлері де белсене атсалысып, өз үлестерін қосты.

Шара аясында Қарттар үйіндегі 160 жанға гүл шоқтары мен сыйлықтар үлестіріліп, концерттік бағдарлама ұсынылды. Арнайы ойындар ұйымдастырылып, баладай мәз болған қариялар қауымы бір серпіліп қалды. Шара соңынан мерекелік дастархан жайылып, Елорда жастары қарияларды тәтті тағамдармен қонақ етті.

Шараға арнайы қатысқан ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қарияларға ізгі тілегін жеткізіп, жасы үлкен жанға жақсылық жасау – асыл дініміздің негізгі ұстыны екенін айтып өтті. Қартайғанға қарайласып, қамқорлық жасауға талпынған жастар қауымына да өз алғысын білдіріп, жұмыстарына береке тіледі.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру