Елорда мешіттерінде ораза айт мерекесі кеңінен аталып өтті

20 наурыз 2026 82 0
Оқу режимі

Бүгін елорда мешіттерінде Ораза айт намазы оқылып, жамағат ұлық мейрамның шаттығын бірге бөлісті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Астана қаласы өкілдігіне қарасты барлық мешіттерде таңсәріден жиналған мұсылман қауымы қасиетті күннің берекесін сезінді.

Айт намазына қатысқан жұртшылық дұға жасап, бір-біріне ақжарма тілектерін арнады. Имамдар Ораза айттың рухани маңызына тоқталып, жамағатты ізгілікке, жанашырлық пен бауырмалдыққа шақырды.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында мешіт аулаларында киіз үйлер тігіліп, келген қонақтарға дәстүрлі тағамдар ұсынылды. Сонымен қатар, асық ату, қол күрес, арқан тарту және кір (гир) көтеру секілді ұлттық ойындар ұйымдастырылып, мерекенің ажарын аша түсті.

Айт мерекесі аясында балаларға сыйлықтар үлестіріліп, бүлдіршіндердің жүзін шаттыққа бөледі. Сондай-ақ, әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетілді.

Айта кетейік, Ораза айт – мұсылман қауымы үшін ерекше мәнге ие ұлық мейрам. Бұл күні адамдар бір-біріне кешіріммен қарап, татулықты нығайтып, қуанышты ортақтасады.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру