ЕЛОРДА ИМАМДАРЫ «АСТАНА СУ АРНАСЫНЫҢ» ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ (ФОТО)
Елорда имамдары «Астана су арнасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына барып, жұмыс барысымен танысты. Сол жерде қызмет атқарып келе жатқан білікті мамандар бүкіл қаланы сумен қамтамасыз етіп отырған орталықтың негізгі процестерімен таныстырып, жапондық үздік технологиялардың жұмыс үрдісін баяндап өтті.
Орталықты аралай отырып, қала халқы күнде жайбарақ тұтынып жүрген әр тамшы судың артында үлкен еңбек пен машақат жатқанын байқауға болады. Осы бір жауапты қызметті атқару барысында мамандар кемшіліктерді барынша болдырмауға тырысып, шаһар жұртшылығын сумен үздіксіз қамтамасыз етіп отыр.
Тарихы әріден басталатын «Астана су арнасы» МКК бүгінде елорда халқының өмір сүруіне қажетті үлкен қызметтерді атқарып келеді. Өткен ғасырда өз жұмысын бірнеше мұнара, шағын шахта құдықтары мен Есіл өзені бойындағы кішігірім жағалау су құбырынан бастаған болса, қазіргі кезде кәсіпорынның қуатты өндірістік-техникалық тазалау құрылғылары, сорғы станциялары бар.
Су – бұл үлкен нығмет. Бүгінгі күні әлем жұртшылығы су тапшылығын сезінуде. Осы ретте ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жұма уағызында жамағатты суды үнемдеуге шақырған болатын. Еліміздің бүкіл мешіттерінде осы тұрғыдан ысырапшылдыққа жол бермеу турасында уағыз-насихат жұмыстары жүргізіліп келеді.
Суреттерді толығырақ сайтымыздың «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыз!
Дереккөз: muslim.kz