ЕЛОРДА БАС ИМАМЫ «ЫРЫСКЕЛДІ ҚАЖЫ» МЕШІТІНДЕГІ ТАРАУИХ НАМАЗЫНА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)
ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің бас имамы Ерболат Жүсіпов кеше Елордадағы «Ырыскелді қажы» мешітін зиярат жасап, құлшылық ордасының тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Тарауих намазына жиылған жамағатпен жүздесіп, «Ибраһим» сүресінің тәпсірін баяндады.
Сондай-ақ, қала бас имамы мешіт ұжымымен арнайы кездесіп, қасиетті Рамазан айында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Мешіт бас имамы Яхияхожа Исмаилов қасиетті Рамазан айында «Ырыскелді қажы» мешітінде күнделікті 100 адамға тегін ауызашар беріліп, 700-ге жуық жамағатпен тарауих намазы оқылып жатқанын баяндады.
2018 жылы ашылған «Ырыскелді қажы» мешіті – Елордадағы әсем мешіттердің бірі. Ерекше сәулетті құлшылық ордасын сыртқы көрінісіне орай халық арасында «Алланың гүлі» деп те атап кеткен. Құлшылық ордасының бірегей ерекшелігі – құлшылық ордасы күн сәулесінен электр энергиясын жинақтайтын тақташа арқылы қамтамасыз етіледі.
Қазіргі таңда мешітте 150-ге жуық шәкірт діни сауат ашып, білім алуда.
Дереккөз: Muslim.kz