Ел астанасында Құрбан шалу рәсімі басталды (ФОТО)

31 шілде 2020 4882 0
Оқу режимі

Бүгін, қасиетті Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні Нұр-Сұлтан қаласында Құрбан шалу рәсімі басталып та кетті. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай, айт күндері «адам баласы құрбан шалып, қан ағызудан басқа сүйікті іспен Алла Тағалаға жақындаған емес». Карантин режимі қатаң сақтала отырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен жүзеге асырылған Құрбан шалу жобасы күн көтерілісімен-ақ Елорда төрінде өз жұмысын бастап, әрбір қылшығына сауап жазылатын игілікті жұмысқа жұмыла кірісті.

Елімізде жарияланған карантин режиміне орай биылғы Құрбан шалу рәсімі де қашықтықтан ұйымдастырылып, осы бағытта wuww.qurban2020.kz сайты іске қосылған болатын. Құрбан шалуға ниет білдірген жандарға карантин жағдайында оңтайлы жол ұсынып,  қайырымдылыққа дәнекер болған жоба аясында бүгінгі күнге дейін Елорда өкілдігі бойынша 32 ірі қара, 600 қой түлігі жиналған. Айта кетейік, онлайн құрбан шалуға тапсырыс беру әлі де жалғасу үстінде.

Сондай-ақ, qurban2020.kz сайты арқылы құрбан шалуға тапсырыс берген жандарға құрбан шалу рәсімі барысынан видео есеп әзірленіп отыратын болмақ. Осы орайда, арнайы жұмыс топтарына бөлінген Елорда мешіттерінің барлық қызметкерлері қаупісіздік және сақтық шараларын сақтай отырып, Құрбан айт мерекесі - қуаныш мерекесі болуына өз үлестерін қосатын болады.

Сондай-ақ, құрбандық етін бөлшектеп, мұқтаж жандарға тарату сынды барлық ұйымдастыру жұмыстары мешіт қызметкерлері мен ерікті жамағат көмегі арқылы жүзеге асатын болады. Айта кетейік, Нұр-Сұлтан өкілдігінің ұйымдастыруымен құрбандық еттері түгелдей үйді-үйге таратылып, qurban2020.kz сайты арқылы өтініш білдірген отбасыларға табысталады.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру