ДІНИ БАСҚАРМА АЛМАТЫДА АУЫЗАШАР БЕРДІ (ФОТО)

31 наурыз 2024 1306 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Алматыда зиялы қауым, бұқаралық ақпарат құралдары, түрлі саланың танымал өкілдеріне, сонымен қатар, Ардагерлер үйіндегі қарияларға ауызашар берілді.

«Рамазан – бірлік пен береке айы» атауымен өткен рухани кеште ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ауызашар дастарқанының қадірлі қонақтарына насихат айтты.

«Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Өйткені ораза адамды тақуалыққа тәрбиелейді. Сабырлық, қайырымдылық, мейірімділік, бауырмалдық секілді адамдық асыл қасиеттер артып, иман күшейеді. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген қасиетті ай. Ораза – күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі» деді Бас мүфти.

Игі басқосуда жарапазан жыры айтылып, Бас мүфти республика бойынша айтылған жарапазан жырының қорытынды батасын жасады. Ауызашарда белгілі жазушы Смағұл Елубай, Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов жамағатқа игі тілегін жеткізді.

Кеш соңында қасиетті Құран аяттары оқылып, Бас мүфти арнайы дұға жасады. Сондай-ақ ауызашар қонақтарына Рамазан сыйлығы табыс етілді.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру