ДІН МЕН ДӘСТҮР ҮНДЕСТІГІН АЙШЫҚТАЙТЫН ТУЫНДЫ

30 қазан 2024 266 0
Оқу режимі

Таяуда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «MUFTIYAT» баспасынан «Дін мен дәстүр» кітабының үшінші томы жарық көрді.

Еңбектің таныстырылымында сөз алған ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы:

«Өздеріңіз жақсы білесіздер, қазір әлем елдері өзінің салт-дәстүрін, діні мен ділін, мәдениеті мен әдет-ғұрпын қайта жаңғыртуға күш салуда. Өйткені жаһандану заманында халықтың дәстүрлі құндылықтарын сақтап қалу маңызды мәселеге айналды.

Қоғамда дініміз бен дәстүрімізді дәріптеу мақсатында діни қызмет аясында 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жарияладық. Осы бағытта бірнеше жобаларды қолға алдық. Атап айтқанда, ҚМДБ жанынан «Дін мен дәстүр» бөлімі ашылды, «Muftiyat» баспасынан «Ихсан – рухани тәрбие негізі», «Толық адам (ғылыми-теологиялық талдау)», «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» сынды бірқатар еңбектер жарық көрді. Алланың жәрдемімен «Ислам энциклопедиясын» шығардық.

Дін мен дәстүр сабақтастығын ұдайы насихаттау бағытында қолға алған жобаларымыздың бірі «Дін мен дәстүр» кітабының үшінші бөлімін шығару болатын. Бұл көптен бері көкейде жүрген игі іс еді. Еңбекте асыл дініміз Ислам мен ғасырлар бойы халқымыздың тұрмыстық ғұрпында қалыптасқан салт-дәстүрлеріміз жан-жақты қамтылды» деп атап өтті.

Шын мәнінде, бұл кітап ұмытыла бастаған имандылық құндылықтарымызды сақтап, қайта жандандыруға себепші болмақ. Бұл еңбекті шығарудағы негізгі мақсат – ділімізді, әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді шариғаттағы мәзһабымыз және танымдық мектебімізді тұғырлап, нәтижесінде үзілгенімізді жалғап, жоғалтқанымызды түгендеу.

Талданып отырған еңбектегі «Дәстүрдің ұлттық құндылығы», «Дәстүр – ізгі қоғам негізі», «Тәрбиеге толы дәстүрлер», «Салт-дәстүр еңбекке жетелейді» және «Тыйымдар мен ырымдардың мән-мағынасы» сияқты бөлімдердің көтерген тақырыптары да осының айқын дәлелі.

Әсіресе, бұл құнды туындының қой терісін жамылған діни ағымдардың жымысқы іс-әрекетін тоқтатып, алдын алуға тигізер ықпалы ерекше болады деген ойдамыз. Себебі салт-дәстүрлерін жазбай танып, оларды орайымен тұрмыс-тіршілігімізде қолдана білу үшін шариғи ілімдерден мейлінше сусындап, көкірек-көзін оятқан азаматтарды тура жолдан ешкім де адастыра алмайды.

Осылайша жан, ар тазалығына негізделген, сыртқы көріністегі емес, жүректегі иманды қасиет тұтқан ұлттық рухани құндылықтарымызға оралып, оларды кеңінен насихаттау арқылы ғана жат ағымдардың идеологиясына тосқауыл қоюға болады.

Дін мен салт-дәстүріміздің сабақтастығы – ұлтымыздың болашағы мен бекем бірлігінің кепілі. Бұл екеуі қашанда бір-бірін қуаттап, ата-бабамыздан қалған құндылықтарымыздың жоғалып кетпеуіне үндейді. Кейінгі ұрпақтың жарқын болашағы үшін «Дін мен дәстүр» топтамасымен шыққан кітаптарды оқып, танысып, өзгелерге де оқуға кеңес бергеніміз абзал.

 

Ислам МАРАТҰЛЫ,

ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің маманы

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру