Депутаттар Діни басқармамен бірлесіп қайырымдылық шарасын ұйымдастырды (ФОТО)

31 шілде 2020 4857 0
Оқу режимі

Бүгін, қасиетті Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні Парламент депутаттары ҚМДБ-мен бірлесіп бірқатар игі бастаманы қолға алды. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған депутаттар елордамыздағы «Green TAL Food» әлеуметтік дәмханасына барып, қайырымдылық шарасын ұйымдастырды.

«Бұл жерде тағдырдың түрлі сынағына тап болған жандар жұмыс істейді. Дәмхана қызметкерлерін айт мерекесімен құттықтап, оларға құрбандықтың еті салынған азық-түлік қоржынын тарту еттік. Жалпы соңғы жылдары елімізде әлеуметтік кәсіпкерлік жанданып келе жатқанын байқауға болады. Кәсіптің бұл түрі Мемлекет басшысының да басты назарында. Биылғы ақпанда Президентіміз әлеуметтік кәсіпкерлермен кездесіп, мұндай игілікті істің қоғам үшін маңызы зор екенін айтты. Сондықтан алдағы уақытта осы бағытта тың бастамалар қолға алынады деп сенеміз» деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы Құрбан айт қарсаңында депутаттардың бастамасымен медициналық қызметкерлерді қолдауға арналған акция ұйымдастырылғанын атап өтті. Сенат аппараты жұқпалы індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген дәрігердің үйіне барып, сый-сияпаттар табыс етті.

«Депутаттарымыз биылғы Құрбан айтты мұқтаж жандарға, пандемия кезінде өз ісіне адалдық танытқан медицина қызметкерлеріне көрсету арқылы атап өтуде. Әрдайым осылай бір-бірімізге жақсылық жасап, қол ұшын созсақ, кез келген сыннан сүрінбей өтетінімізге күмән жоқ. Сондықтан ырыс-ынтымағымыздан ажырамайық. Баршаңызды қасиетті мерекемен құттықтай отырып, ниеттеріңіз қабыл болсын деп тілеймін» деді Мәулен Әшімбаев.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру