Нұр-Мүбарак университетінің студенттері арасында жарыс өтті

04 желтоқсан 2019 6464 0
Оқу режимі

Нұр-Мүбарак университеті студенттеріне негізгі дәрістерден өзге қосымша сабақтар жүйелі түрде ұйымдастырылады. Соның бірі – араб тілі дәрісі. Себебі араб тілі – әлемде қолданылу жағынан бесінші орынды еншілеген әрі Құран тілі.

Университеттің Тәрбие істері және әлеуметтік даму бөлімінің ұйытқы болуымен қолға алынған араб тілінің қосымша курстары нәтиже бере бастады. Оқу жылының басында 1-курс студенттеріне «Тәкәллум» кітабының «Әсәси» деңгейін оқыту дәрісі мәреге жетіп, аталған кітапты оқып тауысқан шәкірттер арасында арнайы сынақ өтті.

Емтиханды Араб тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Бағдат Маханұлы мен Араб тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, докторант Қуаныш Қасымбаев ұстаздар қабылдады. Сынақ тапсырған 34 шәкірт те дайындығы жоғары екенін көрсетті. Сайыс нәтижесінде білім сайысында қатарынан оқ бойы озық болған Бауыржан Жұмағалиев 1-орынды иеленді. 2-орын Әлішер Қабылданың, 3-орын Қадыр Ілиястың еншісіне бұйырды.

Ұйымдастырушылар араб тілін жетілдіруге бағытталған бұл оқу курсы алдағы уақытта араб тілінің морфология, синтаксисін үйретуге ден қоятынын жеткізді. Шәкірттер де болашақта жеңіс тұғырынан көрінуге талпынатынын байқатты.

 

Пікірлер Кіру