DARHAN DALA: АСТАНА ИМАМДАРЫ САҚҚҰЛАҚ БИ КЕСЕНЕСІН ЗИЯРАТ ЕТТІ (ФОТО)

02 желтоқсан 2024 5884 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «DARHAN DALA» жобасы аясында Астана қаласы өкілдігінің дін қызметкерлері Ақмола облысы, Ерейментау ауданында орналасқан Саққұлақ би кесенесін зиярат етті.

Ерейментау қаласының шығысына қарай 25 шақырым жерде Қоржынкөл көлінің жағасында орналасқан мазарда заманында орта жүздің боз арғымағы атанған Саққұлақ би мен оның балалары Әжімбет, Ералы және Нұралы жерленген.

Саққұлақ би 1800 жылы Ереймен жерінде туып, 1888 жылы осы елде қайтыс болған. Жасынан зерделі де зерек өскен ол 12-13 жасынан әкесі Бапан бидің қасында жүріп, шешендік өнерін ұштаған, ел билеу ісіне араласқан.  Саққұлақ би өзі айтқан билік сөздері мен басқа билердің аталы сөздерін, бағалы ойларын үнемі қағазға түсіріп жүрген. Саққұлақ биден 7 ұл қалған. Нұралы, Ералы деген ұлдары әкесіне тартып би-шешен болған. 

Имамдар экспедициясы мазар айналасында орналасқан Қанжығалы Бөгенбай батыр ұрпақтарының ескі қорымын да зиярат етіп, арнайы Құран бағыштады.

Астанадан барған дін қызметкерлері жергілікті мешітке ат басын бұрып, жамағатпен жүздесіп, намаз оқыды. Мешіт ақсақалдарына Астана өкілдігінің атынан арнайы Құран Кәрім кітаптарын сыйға тартты. Көнекөз қарттар ақ батасын беріп, имамдардың дін жолында жасап жатқан қызметтеріне береке тіледі. 

Пікірлер Кіру