Бірінші күннің нәтижесі: Жұмыс тобы 1201 адаммен сұхбаттасты (ФОТО)

15 қыркүйек 2021 3602 0
Оқу режимі

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған жұмыс тобы Атырау облысында бір күн ішінде 19 кездесу өткізді. Оған 1201 адам қатысты.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мұнайлы өлкеге сапарын Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовпен кездесуден бастады. Кездесу нәтижесінде тараптар аймақты сапалы, білікті діни кадрлармен қамтамасыз етуге уағдаласты. Бұдан соң Бас мүфти Атырау облысы бойынша діни экстремизм және терроризм бағытымен күресуші ​ мекеме қызметкерлерімен кездесу өткізді.

Одан әрі Наурызбай қажы Тағанұлы облыс имамдары үшін басталған 4 күндік семинардың ашылу рәсіміне қатысты. «Жат ағымның алдын алу және оның әдістемесі» атты семинарда сала мамандарына радикалдық көзқарас ұстанушыларын дәстүрлі мәзһабқа қайтарудың тың тәсілдері айтылды.

Бұдан кейін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы тұтас облыс мешіттері бойынша ұйымдастырылған «Мектепке жол» акциясына қатысып, балаларға қуаныш сыйлады.

Делегация құрамындағы белгілі ұстаз, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Шоқанов орталық «Иманғали» мешітінде жамағатпен кездесу өткізіп, «Исламдағы неке және талақ мәселесі» тақырыбында, Сұлтан Бейбарыс мешітінде «Алланың құдіреттілігі» тақырыбында уағыз айтты.

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров «АРЕС» колледжінде кездесу өткізіп, «Исламдағы тәрбие мәселесі» тақырыбында уағыз айтты. Кейін «Құспан молла» Атырау қалалық мешітінде жамағатқа «Шайтанның адам баласын азғыру тәсілдері» тақырыбында насихат жүргізді. Делегация құрамындағы Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Қанат Алшынбаев Ақпараттық талдау орталығы ұжымымен жүздесіп, діни оңалту бөлімінің әдістемесі бағытында тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешітте «Аллаға құлшылықтың мәні» тақырыбында жамағатқа уағыз айтты.

Жұмыс тобындағы Хамзат Әділбеков орталық «Иманғали» мешіті базасындағы медиастудияда «Жат ағымның алдын алу шаралары» тақырыбында сұхбат берді. Сонымен қатар орталық мешіттің белсенді жастарымен кездесу өткізіп, «Жастық шақ және уақыт құндылықтары» тақырыбында дәріс оқыды.

Ұстаз Ризабек Батталұлы орталық «Иманғали» мешіті базасындағы медиастудияда «Адал ризық» тақырыбында сұхбат берді. Сонымен бірге, әт-Тақуа мешітінде «Діндегі көреалмаушылық мәселесі» тақырыбында уағыз-насихат жүргізді.

Делегация құрамындағы ұстаз Ғазиз Ахметов 157/9 түзету мекемесінде жазасын өтеушілермен кездесіп, «Исламның бірлікке берген маңызы мен рөлі» тақырыбында уағыз айтты. Сонымен қатар Атырау селолық мешітінде жамағатпен жүздесіп, «Мұнафиқун» сүресін тәпсірледі.

Ұстаз Ұлан Шарипов ​орталық «Иманғали» мешіті базасындағы медиастудияда​ «Феминизм, әйел теңдігі және діни көзқарас» тақырыбында сұхбат берді. Сонымен қатар «Мәулімберген» мешітінде жамағатпен жүздесіп, «Мүміндердің сипаттары» тақырыбында уағыз айтты.

Белгілі ұстаз Амантай Садиев «Жусан» операциясымен елге оралып, қазіргі таңда жазасын өтеп жатқан әйелдер жамағатымен онлайн форматта кездесу өткізді. УГ-157/11 әйелдер түзету мекемесімен​ «Зуум» қосымшасы арқылы байланысқа шыққан кездесуде «Суицид және қоғамды күпірге шығармау» тақырыбында уағыз айтылды.

 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру