Біліктілікті арттыру курсы өтуде

27 сәуір 2021 4264 0
Оқу режимі

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті дін саласында маманданған журналистерге арнап «МЕДИАКЕҢІСТІКТЕГІ КОНФЕССИЯАРАЛЫҚ ДИАЛОГ: ОРТАҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР МЕН ТӘЖІРИБЕ» біліктілікті арттыру курсын өткізуде.

Курстың ашылуында Президенттің саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Ерлан Қарин алғы сөз сөйледі. «Халифат сарбаздары: аңыздар мен шындық» кітабының авторы мұндай курстың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның халықаралық қатынастар мен ұлттық қауіпсіздікті сақтаудағы стратегиялары жөнінде айтып берді.

Сонымен бірге курс спикерлерінің қатарында Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының басқарма төрағасы Болат Сәрсенбаев, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессор-оқытушылар құрамы, ҮЕҰ және БАҚ өкілдері сөз сөйлейді.

Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы бес күндік курсқа қатысушыларға БАҚ-та діни тақырыптарды жария ету, діни сенім бостандығына құқық, діни сауаттылық, діни мәселелерді жария етудегі журналистердің қауіпсіздігі, рухани құндылықтарды тәрбиелеудегі БАҚ-тың рөлі және басқа да өзекті мәселелер туралы түсіндірілетіндігін айтты.

Онлайн курста Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мамандары да сөз сөйлеуде. Осы уақытқа дейін «Halyq arna» телеарнасының директоры Нұржан Даркулов «Діни сауаттылық: дін мен діни ағымдарды анықтау мәселелері», «Мұнара» газетінің бас редакторы Серікбол Хасан «Діни тақырыптарды жариялаудың тәжірибелік маңызы» тақырыптарында сөз сөйлесе, алдағы уақытта «Хикмет TV» студиясы тілшісі Еркін Шәкірұлы студияның өнімдерін, ҚМДБ Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің маманы Махамбет Искандер «Мұсылманның әлеуметтік желідегі әдебі» құжатын таныстырады.

Сондай-ақ Павлодар облыстық мешітінің mazhab.kz сайтының бас редакторы Амантай Тойшыбайұлы «Қоғамда резонанс тудырған діни мәселелер және ақпарат тарату тәсілдері», ҚМДБ Баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы «Рухани құндылыққа тәрбиелеудегі БАҚ-тың рөлі» тақырыптарында сөз қозғамақ. Оқыту курстары онлайн форматта Zoom-платформасында ағымдағы жылдың 30 сәуіріне дейін өтеді. Тікелей көрсетілімді Еуразия ұлттық университетінің ресми YouTube арнасынан көруге болады.

 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру