Біліктілік арттыру курсын тәмамдаған имамдарға сертификат табысталды (ФОТО)

09 желтоқсан 2018 7096 0
Оқу режимі

ҚМДБ-ның Астана қаласындағы Имамдарды кәсіби қайта даярлау және біліктілігін арттыру Республикалық орталығында діни кадрлардың біліктілігін арттыру курсы аяқталды.

Қысқа мерзімді курстың аяқталу салтанатына ҚР ҚДМ Қоғамдық келісім комитетінің Исламдық діни бірлестіктермен байланыстар басқармасының бас сарапшысы Нұрғали Қабылов, ҚМДБ-ның Аппарат жетекшісі Ғылымбек Мәжиев, Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев, «Нұр Астана» мешітінің Бас имамы, Имамдарды кәсіби қайта даярлау және біліктілігін арттыру Республикалық орталығының директоры Асқар Мұқанов, ҚМДБ-ның Діни білім және кадр дайындау бөлімнің бас маманы Марат Жаппасбаев қатысты.

Қоғамдық келісім комитетінің Исламдық діни бірлестіктермен байланыстар басқармасының бас сарапшысы Нұрғали Қабылов имамдарды алда келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтай отырып, іс-шараның мән-маңызына тоқталды:

«ҚР ҚДМ Қоғамдық келісім комитеті имамдардың біліктілігіне жіті мән беріп отырады. Мұндай курстардың үнемі өткізілуіне жағдай жасайды. Жамағатпен күнделікті тығыз қарым-қатынаста болатындықтан имамдарымызға кәсіби біліктілік пен жан-жақты білімді болу өте маңызды. Дін қызметкерлерінің деңгейін көтеру, біліктілігін арттыру дегенде тек қана діни тұрғыдан емес зайырлылық, заңнамалық, әдеби-мәдени қарым-қабілетін арттыру тұрғысынан да қарауымыз керек», - деді Н. Қабылов.

Сөз алған ҚМДБ-ның Аппарат жетекшісі Ғылымбек Мәжиев курсқа қатысушы имамдарға Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының сәлемін жеткізді.

«Имамдарымыз жан-жақты білімді, білікті, көркем мінезді болуы тиіс. Еліміздің бірлігіне сызат түсіретін жат ағымның алдын алу жұмыстарында жан-жақты, кешенді білім керек. Ол үшін әрбір имам өзін дамытып отыруға тиіс», - деді Ғ. Жәдігерұлы. Сонымен бірге, өңір имамдарына орталықта алған білімдерін күнделікті жұмыс сапасын жақсартуға жұмсауға үндеді.

Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық ықыласын жеткізіп, имамдардың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Имамдарды кәсіби қайта даярлау және біліктілігін арттыру республикалық орталығының директоры Асқар Мұқанов курсты ұйымдастырушы, үйлестіруші тараптарға алғысын білдіріп, ризашылығын жеткізді.

Курстың аяқталуына арналған іс-шараның соңында өңір имамдарына арнайы сертификаттар табысталды.

Естеріңізге сала кетейік, діни кадрлардың біліктілігін арттыру мақсатында ҚР Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитетінің қолдауымен және қаржыландыруымен өткен қысқа мерзімді курс аясында 8 өкілдіктен 80 имам білімін шыңдады.

Дереккөз: ummet.kz

Пікірлер Кіру