Бас мүфтиге Құрбан айттың қорытынды есебін баяндады (ФОТО)
Бүгін елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен 2022 жылдың Құрбан айт мерекесін қорытындылау жиыны өтті.
Ұлық мерекені қорытындылауға арналған жиынға Діни басқармада құрылған жұмыс тобы мен облыс бас имамдары қатысты.
ҚМДБ Төрағасы алдымен дін қызметкерлерін Құрбан айтпен құттықтап, мереке күндері дамылсыз қызмет еткен республикалық штаб мүшелеріне, өңірлердегі барша имамдар мен мешіт жамағатына, еріктілерге алғысын жеткізді.
«Сіздердің әрқайсыңыз ұлық мерекені ойдағыдай өткізуге атсалыстыңыздар. Құрбан айтта Хақ Тағалаға құлшылық, халыққа қызмет еттіңіздер. Осы орайда құрбан шалуды онлайн және офлайн форматта жүзеге асыруға жәрдемдескен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, облыстық, жергілікті әкімдер мен мал бағасын шарықтатпай, халықтың қалтасына ауырлық салмаған кәсіпкерлерге де, сонымен бірге мемлекеттік және БАҚ өкілдеріне ризашылығымды білдіремін. Баршаңызға Алла разы болсын», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Жиын барысында «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Қанат Қыдырмин мен Ақпарат бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы баяндама жасап, жұмыс есебін назарға ұсынды. Қанат Қоянбекұлы биылғы Құрбан айтта ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды жобалардың қолға алынғанын, оның бірнешеуіне Бас мүфти арнайы қатысқанын атап өтіп, мереке күндері құрбан еті 129 040 отбасыға таратылғанын мәлімдеді.
Ал ақпарат саласы бойынша есеп берген Ағабек Қонарбайұлы бөлім қызметкерлері Құрбан айттың тек мереке күндері әрі Діни басқармаға қарасты ғана емес, мемлекеттік, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарында насихатталуына атсалысқанын тілге тиек етті.
«Зұлхижжа айы басталған күні Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы журналистерге брифинг өткізіп, Құрбан айт күндерін жариялады. Осыдан бастап бөлім қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп, ресми сайтты да, әлеуметтік желілердегі парақшаларды, мессенджерлерді белсенді түрде жүргізіп отырды. Сонымен қатар ҚМДБ Төрағасы Qazaqstan ұлттық телеарнасына тікелей эфирде сұхбат берсе, Egemen Qazaqstan газетіне көлемді сұхбаты жарияланды. Сайт, порталдарға 50-ге жуық ақпарат шықты. «Мұнара ТВ» арнасы құрбан айтқа орай студиялық бағдарлама түсіріп, көрерменге ұсынса, Мүфтият сайтының тәуліктік көрілімі 13 мыңнан 55 мыңға дейін көтерілді» деді ол.
Жиын соңында ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы дін қызметкерлеріне құрбан айтқа қатысты және өзге де бағыттағы жұмыстарды жетілдіру қажеттігін айтып, тиісті тапсырмалар берді.
Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі