БАС МҮФТИ «ТӨЛЕБАЙ» МЕШІТІНДЕ УАҒЫЗ АЙТТЫ (ФОТО)

28 наурыз 2024 1289 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы «Төлебай» мешітінде тарауық намазына қатысып, жамағатқа уағыз айтты. 

«Рамазан айында бауырмалдықты арттырудың маңызы» тақырыбында насихат айтқан Бас мүфти адамдар арасындағы бауырмалдықтың маңызына тоқталды. 

«Адам баласына иман нығметі берілгеннен кейін, оның жүрегіне иман еткен өзге адамдарға деген сүйіспеншілік сезімі де қоса беріледі. Кімнің жүрегінде өзге мұсылмандарға деген шынайы сүйіспеншілік, бауырмалдық сезімі болса, онда ол толықтай иман еткеннің көрінісі. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Өзі үшін жақсы көргенін бауыры үшін де жақсы көрмейінше ешқайсыларың толық иман еткен болып саналмайсыңдар», – деген (имам Бұхари).

Малик ибн Динар (оны Алла рахымына бөлесін): «Екі адам бойларында бір-біріне ұқсайтын сипаттары болған жағдайда ғана дос болады. Бұл тұрғыда адамдарды құстарға теңеуге болады. Себебі, бірдей болған екі құс қана бірге жүре алады», – деп айтқан. Мұқағали ақын бұны:

Қырғи жолдас бола алмайды кептермен,

Себебі ол кептер етін жеп көрген.

Қой қоралас бола алмайды қасқырмен,

Қасқырдан ол көресіні көп көрген, – деп өлең жолдарымен жеткізген.  

Мұсылман адам осы бауырмалдық нығметті қадір тұтып, өзгелермен қарым-қатынасының нығаюына алып келетін істерге амал етуі қажет. Әсіресе қасиетті Рамазан айында осындай амалдарға мән беруіміздің маңызы үлкен» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бұдан кейін ҚМДБ Төрағасы «Төлебай» мешітінің жамағатымен бірге тарауық намазын оқып, ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.  

 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру