Бас мүфти: Шетелде діни білім алуға қажеттілік жоқ (ФОТО)

08 қараша 2018 6405 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Жамбыл облысына 2 күндік іс-сапармен барды. Бас мүфти бастаған дін қызметкерлері Жамбыл облысы əкімінің міндетін атқарушы Бекболат Орынбековпен кездесті. 

Кездесуде өңірдің қазіргі діни ахуалы, мешіт-медреселердің жұмысы сөз болды. Бекболат Серікбекұлы облыста 295 мешіт бар екенін, онда 400-ден астам имам қызмет етіп жатқанын жеткізді.

"Құрметті Серікбай қажы Сатыбалдыұлы! Киелі Тараз шаһарына қош келдіңіз. Сіздің сапарыңыз қасиетті Əулиеата елінің рухани өміріне рухани серпін береді деп санаймын. Бүгінде облыс əкімінің тапсырмасымен өңірімізде діни салада іргелі жобалар жүзеге асып жатыр. Республикаға танымал теолог-ғалымдарды арнайы шақыртып, діни сауатты арттыру бағытында семинар ұйымдастырып келеміз. Дін қызметкерлерінің де əлеуметтік жағдайына көңіл бөліп келеміз", - деді облыс әкімінің міндетін атқарушы Бекболат Орынбеков.

Өз кезегінде Бас мүфти Серікбай қажы Ораз имамдарды электронды аттестациядан өткізу жаңа жұмыс жобасы Жамбыл облысынан басталғанын баяндады.

"Расында, еліміздегі жоғары жəне орта білім беретін діни оқу орындарында Ислам бағытында ілім алуға толық мүмкіндік бар. Шетелге барып, сарсаңға түсудің қажеті жоқ. Медреселеріміз колледж деңгейіне көтерілді. "Нұр Мүбəрак" университетінде магистрлік, тіпті докторлық дəреже алып шығуға болады. Қазір біздің университетіміз бен медреселерімізді жыл сайын 500-ге жуық маман бітіріп шығады. Демек, біз небары бірнеше жыл ішінде 2600 мешітімізді дін қызметкерімен толық қамтамасыз ететін боламыз", - деп атап өтті Бас мүфти Серікбай қажы Ораз.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру