БАС МҮФТИ САУД АРАБИЯСЫ ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСТІ (ФОТО)

27 қыркүйек 2023 1782 0
Оқу режимі

Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Файсал бен Ханиф әл-Кахтанимен кездесті.

Кездесуде екі ел арасында қалыптасқан достық, рухани байланыстарды дамыту, қажылық пен ұмра сапарын ұйымдастыру, осы бағыт бойынша ортақ жұмыстарды жаңа деңгейге көтеру мәселесі сөз болды.

«Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері біз Сауд Арабиясымен тығыз жан-жақты қарым-қатынастамыз. Дипломатиялық байланыстар аясында біздің діни салада да әріптестік орнатқанымызға көп жылдар өтті. Осы жылдар ішінде біздің байланысымыз нығая түсті. Қажылыққа қатысты екі жақты жұмыстарымыз жетіліп, өз нәтижесін беріп келеді. Биыл елімізден төрт мың адам қажылығын өтеп қайтты. Екі жақты жобаларымызға қолдау көрсетіп келе жатқан Сауд Арабия елшілігіне алғыс білдіремін. Жақында ғана Меккеде өткен халықаралық жиынға қатысып, ынтымақтастық мәселелерін арттыру бойынша да бірқатар келіссөздер жасалды» деді Бас мүфти.

Елші өз кезегінде ортақ жобаларды қолдайтынын айта келе Сауд Арабия Корольдігі атынан Қазақстанға берілген 50 мың Құран кәрімді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына табыстады.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру