Бас мүфти Қазақстанның Мысырдағы төтенше және өкілетті елшісімен кездесті (ФОТО)
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақстанның Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама Шарифпен кездесті.
Кездесуде осы елде білім алып жатқан студенттердің жай-күйі, елшілік пен Діни басқарма арасындағы ортақ байланыстар талқыланды. ҚМДБ Төрағасы Қайрат Лама Шарифке екі ел арасындағы ынтымақтастық байланысты арттыруға бағытталған жұмыстары үшін алғыс айтып, табыс тіледі.
«Мысырға келіп білім алып жатқан студенттерді елшілік тарапынан әрдайым қолдап, олардың түрлі мәселелерінің шешілуіне ықпал етіп келесіз. Діни басқарманың да мақсаты осы, елшілікпен тығыз қарым-қатынас орнатып, жұмыла жұмыс істеу. Қазақ руханиятына үлес қосқан дін ғұламаларының еңбегін насихаттау жолында да бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Сондай-ақ Қалауын, Қайтпай секілді Мысыр жерінде мешіт, медресе салдырған бабаларымыздың өмір жолы мен атқарған еңбегін бірлесіп насихаттауға шақырамын», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Өз кезегінде Қайрат Қайырбекұлы мүфтияттың игі бастамаларына әрдайым қолдау білдіретінін айтты. Сондай-ақ елшілік күзде елімізде өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер дидерлерінің съезіне тыңғылықты дайындық жасап жатқанын жеткізді.
Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі