БАС МҮФТИ ПӘТУА МАМАНДАРЫНА ДӘРІС ОҚЫДЫ (ФОТО)

23 қараша 2022 2454 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Орталық аппаратында Діни басқарманың шариғат және пәтуаға жауапты және діни ақпарат беру орталығы (Call орталық) мамандарының біліктілігін арттыруға арналған «Цифрлық замандағы пәтуа беру әдістері мен механизмдері» тақырыбындағы семинар басталды. Семинарға ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, пәтуа мамандарына дәріс оқыды.

Бас мүфти қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты пәтуа шығару, халық тарапынан келген сұрақтарға жауап беру ҚМДБ-ның басты жұмыстарының бірі екенін айта келіп, сауапты да, жауапты істі жауапкершілікпен атқарып келе жатқан дін қызметкерлеріне алғыс айтты.

«Пәтуа беру үлкен жауапкершлік. Алла Тағала Құранда: «Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) олар сенен, әйелдер жайында пәтуа сұрайды. Оларға Алла сендерге олар жайында пәтуасын білдіреді» («Ниса» сүресі, 127-аят) деген. Бұл аятта пәтуаны Алланың өзі беретінін айтып жатыр. Себебі пәтуа беру ол Алланың атынан үкім ету дегенді білдіреді. Бұл үкімдерді пенделерге жеткізу Пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүктелген. Пәтуа берушілердің алғашқысы – Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын). Ол кісіден кейін ғалым сахабалар, табиғиндер, табаға табиғиндер және мұжтаһид ғалымдар пәтуа айтатын. Бұл іс қазіргі күнге дейін жалғасын тауып келеді», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айта кетейік, бүгінгі семинарда пәтуа мамандарына наиб мүфтилер, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі мамандары, БАҚ өкілдері түрлі тақырыпта дәріс өткізуде.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру