Бас мүфти Оралда Халықаралық форумға қатысты (ФОТО)

27 қыркүйек 2018 6668 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Орал қаласында өткен «Зайырлы қоғам: құқық пен діннің өзара байланысы» атты халықаралық форумға қатысты.

Форум жұмысын Батыс Қазақстан облысының əкімі Алтай Көлгінов ашты. Сондай-ақ, форум жұмысына Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасы Халықаралық қатынастар бөлімінің басшысы Мұхаммед-Акмалхан Шəкіров, М.П.Драгонов атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің доценті, ғылым докторы Денис Брилев, Ресей ислам университетінің проректоры Мурсаль Ахметов, «Нұр-Мүбəрак» университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев, т.б. ғалымдар мен мемлекеттік мекеме басшылары, жергілікті дін қызметкерлері қатысты.

Облыс əкімінен кейін сөз алған Бас мүфти Серікбай қажы Ораз:

«Зайырлылық – əр адамның нәсіліне қарамастан, әр азаматтың қандай да бір дінге сену, сенбеу мәселесіне араласпайтын ұстаным. Яғни, бұл ұстаным адамның ар-ожданының моральдық болмысының еркіндігіне мүмкіндік береді. Бұл ретте мемлекет азаматтардың арасындағы қарым-қатынасты тек құқықтық негізде шешуді қамтамасыз етеді. Профессор, ғылым докторы Досай Кенжетайдың пікірінше, зайырлылық туралы анықтамалар көп. Солардың бірі – барлық діндерге бейтарап қарайтын, діни басшылықтан тәуелсіз және кез-келген теологиялық қағидалар мен нормалардан азат болған мемлекеттік ұстаным. Осы анықтама зайырлы мемлекетті нақтылай түседі. Неге барлық діндерге бейтарап қарайды? Себебі діндер көп, ал Құдай түсінігі бір. Адамдардың Құдай түсінігі ортақ болғанмен олардың танымы, сенімі, сезімі, құлшылығы, оның мына әлеммен қатынасы, яғни дүниетанымы, ақырет туралы сенімдері де әртүрлі. Сондықтан мемлекет өзінің азаматтарының діни сенімдеріне араласпайды, құрметтейді, бейтарап ұстанымда болады», – деді.

Форумда шетелдік ғалымдар баяндама жасап, өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру