Бас мүфти «Нұр» балалар үйін зиярат етті (ФОТО)

06 мамыр 2021 4306 0
Оқу режимі

ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы облысындағы қызметтік сапары аясында Талғар ауданында орналасқан «Нұр» балалар үйін зиярат етіп шықты. Сауабы мол іске ұйытқы болып, сәби жүрегінің түкпіріне өмір гүлін көктете білген жандардың бірі, аталған балалар үйінің меңгерушісі Тұяқ Қаскенқызымен кездесіп, орталықтың жай-күйімен танысты.

Бас мүфти балалар үйінің қызметкерлері мен тәрбиеленушілерін қасиетті Рамазан айымен құттықтай келіп: «Қазіргідей уақытта жат біреудің баласын жатсынбай бауырға бас білу үшін үлкен жүрек, жігер мен тәуекел керек. Жетімдіктің ащы дәмін сезген қамкөңіл бүлдіршіндерге мейірім-шапағатын төгіп, жүрек жылуын сыйлау оңай дүние емес. Мұндай тәуекелге барған жандарды «үлкен жүректі» адам дейміз.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Кім Алла үшін бір жетімнің басын сипаса, қолы тиіп өткен әрбір тал шашы үшін сауап алады», – деген екен. Алла Тұяқ Қаскенқызының атқарып отырған әр ісін сауаптан жазсын! Қасиетті Рамазан айында тілеген дұға-тілектеріңіз бен құлшылық-ғибадаттарыңызды Алла қабыл етсін!» – деген тілегін жеткізді.

ҚМДБ Төрағасы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнайы дайындалған базарлық тарту етті.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру