Бас мүфти Мәуліт кешіне қатысты (ФОТО)

01 қараша 2021 5071 0
Оқу режимі

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алматыда өткен «Көркем мінез кемеңгері – Мұхаммед ﷺ» атты мәуліт кешіне қатысты.

Рухани мерекелік кешті Алматы қаласының орталық мешіті ұйымдастырса, оған зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар мен дін қызметкерлері, сондай-ақ мешіт жамағаты мен қала тұрғындары қатысты.

Алдымен Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Республика сарайына» жиналған көпшілікті мүбәрак мерекемен құттықтап, Мәуліттің маңызына тоқталды.

«Исі мұсылман баласы Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған айын асыға күтіп, рухани басқосуларда Аллаға мадақ, Пайғамбарға салауат айтады. Мұндай игі дәстүр біздің елде де бірнеше жылдан бері жалғасын тауып келеді.

Асыл дінімізде тойланатын кез келген мереке ізгілік пен құлшылыққа, қайырымдылық пен жақсылыққа үндейді. Алла елшісінің дүниеге келген айында орындалатын амалдар мұсылман баласын тақуалыққа тәрбиелейді. Алла Тағала қасиетті кітабымыз Құранда: «Аллаға шын мәнінде тәуекел етіп, Ақырет күнінен үміт етем деушілер үшін және Жаратқанды жиі-жиі еске алатын жандар үшін Алланың елшісі керемет өнеге бола алады» («Әл-Ахзаб» сүресі, 21-аят), – деген.

Пайғамбар жолын ұстанған мұсылман қашан да айналасына мейірім танытып, шуағын шашып жүреді. Бес күндік өткінші өмірде бір-біріміздің көңілімізге қаяу түсірмей, керісінше жылы сөзімізді арнап, жылулық сыйлап, ағайын-туыс бауырларға, барша адамға дұға жасап, тілеулестік ниетімізді білдіріп жүргеніміз абзал.

Мәуліт айында барынша сауапты істерге ден қойып, құлшылық жасап, Алланың разылығын алуға асығайық. Әсіресе, Хақ елшісіне көбірек салауат жолдауды ұмытпайық» – деді Бас мүфти.

Бұдан кейін ақын, сазгер Жәкен Омаров пайғамбарымыздың өмірбаянын қазақ тілінде жырлады. Бұған дейінгі мәуліт мерекелерінде Пайғамбарымыздың балалық шағы, одан кейін пайғамбарлықтың келуі, миғражға көтерілуі, одан кейін хижреттің алғашқы жылдары мен Бәдір соғысы жайлы қазақ тілінде жырланған еді. Ал, биыл хижреттің үшінші жылында болған оқиғалар, Ухуд соғысы, хазреті Хамзаның шейіт болуына тоқталып өтті.

Мәуліт мерекесіне арнайы жаздырылған «Пайғамбар өнегесі» және «Пайғамбарға сағыныш» әндері алғаш рет шырқалса, танымал әншілер Айдар Тұрғанбек, Ердос Қанаев, Сержанәлі Әлібек, Ерген Айтымбетов, Райым Уайыс және Жігер Ауыпбаевтар иләһи әндер мен термелер орындап, пайғамбарға деген сағыныштарын әнмен жеткізді. 

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар және жасөспірімдер театрының әртістері «Кемедегі иман» және «Ең үлкен күрес – өзіңмен күрес» атты сахналық көріністер қойды. Бұл көріністерде Аллаға тәуекел ету, теріс қылықтардан аулақ болу, дұрыс дос таңдай білу, бала тәрбиесіндегі ата-ананың ролі сынды қоғамдағы басты тәрбие көзі мен мәнді дүниелер баяндалған.

Сонымен қатар Пайғамбар сүннетін өміріне темірқазық етіп өсіп келе жатқан жас жеткіншектер пайғамбарымыз жайлы поэзия мен монолог оқып, көрерменнің зор ықыласына бөленді.  

Көпшілік көрермен қауымға мәуліттен сарқыт ретінде «Иман» журналы, «Мұнара» газеті мен діни кітаптар салынған сый үлестірілді. Шара соңында Мәуліт рухани кешінің билеттерінен түскен қаражат көрермен алдында көпбалалы аналарға табысталды. Бұдан бөлек Алматы орталық мешітінің тұрақты жамағаты, тағдыр тауқыметіне тап болған жас жігітке тосын сый ретінде умра қажылығының сертификаты берілді. Дін жолында қызмет етіп жүрген Алматы қаласы имамдарының бірі, бүгінде ауыр науқасқа ұшыраған Ғалымжан Молдабаевқа көрермен атынан ақшалай мәуліт сыйы аталды. Мәуліт сыйын науқасына байланысты келе алмаған имамның ұлына табыстады. 

Мәуліт мерекесінің жоғары деңгейде өтуіне демеушілік танытқан дін жанашыры, меценат Бахариддин Аблязимовке Бас мүфти ерекше ризашылық білдіріп, алғыс хат табыстады. 

Көрме залында қағба макеті мен қасиетті Құран Кәрімнің тұпнұсқалары, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінен сыр шертетін суреттер көрермен назарына қойылды.

Мәуліт айындағы рухани шараның басты мақсаты – пайғамбарымызға салауат айту, оның асыл қасиеттерін дәріптеу, халық арасында имандылықты насихаттай отырып, тұрақтылық пен тыныштыққа үндеу. Салауат жырлары мен пайғамбарға деген ыстық ықыласы сағыныш сезіміне ұласқан көрермен-жамағат ризашылық көңілмен қимай қоштасты.

 

 

 

 

   

 

 

 

   

  

 

 

 

 

 

  

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  

 

  

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру