Бас мүфти Ислам ғұламаларын жұма күні бір мезетте дұға етуге үндеді (ФОТО)

08 сәуір 2020 4916 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы мұсылман әлеміне Үндеу жариялады.

«Біз (Барлығымыз) Адам ата және Хауа анадан тараған бір үмбетпіз. Қасиетті Құран Кәрімде: «Уа, адам балалары! Бәріңді бір жаннан жаратқан һәм одан жұбын жаратып, ол екеуінен көптеген ерлер мен әйелдер өрбітіп, жер бетіне таратқан Раббыларыңа қарсы келуден сақтаныңдар!» («Ниса» сүресі, 1-аят) деген.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, адамдар! Сендердің барлығың Адам атадан, ал Адам топырақтан жаратылды ...» деп бірлікке үндеген. 

Расында, ешкімнің ұлты, нәсілі, тегі Жаратқанның құзырында бір-бірінен артық емес. Құранда: «Уа, адамзат баласы! Біз сендерді бір Ата, бір Анадан жараттық. Сондай-ақ бір-бірлеріңді тануларың үшін сендерді әртүрлі ұлт-ұлысқа, ру-тайпаға бөлдік. Расында, Алланың алдында ең ардақтыларың – тақуаларың» («Хұжұрат» сүресі, 13-аят) делінген.

Әлемде етек алған індеттің алдын алуда адамзат Ұлы Жаратушының мейіріміне мұқтаж екендігін айқын сезінуде. Сол үшін әрбір ұлт өкілі, барша адам баласы жұдырықтай жұмылып, шын жүректен Жаратқанға жалбарынып, адамзаттың амандығын сұрайтын сындарлы сәтте тұрмыз. Алланың ардақты Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Дұға – мұсылманның қорғаны», – дегені баршаңызға мәлім.

Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ислам әлемінің ғұламаларын, күллі дін қайраткерлерін, дін саласының оқытушы-ұстаздары мен Құран қариларын және барша мұсылман қауымын 10 сәуір жұма күні  намаз уақытында «Біз – біргеміз, тілегіміз – ортақ» деген игі бастама аясында күллі адамзаттың амандығы үшін бір мезетте алақан жайып, дұға жасауға үндейді. 

Аса мейірімді Алла Тағала күллі адамзат баласына амандық-саулық беріп, ауру-сырқаудан айығып, қуанышты күндерге тезірек жетуін нәсіп еткей. Әмин!» делінген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының мұсылман әлеміне жолдаған Үндеуінде.  

 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру