БАС МҮФТИ БІРҚАТАР МҰСЫЛМАН МЕМЛЕКЕТІНІҢ ЕЛШІЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ (ФОТО)

24 қазан 2023 2041 0
Оқу режимі

Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы 12 мұсылман мемлекеттерінің еліміздегі Төтенше және өкілетті елшілерімен кездесті.

Атап айтқанда, Монтасер Абу Зейд (Палестина мемлекеті), Манал Әл-Сайед Яхия Әл-Шиннауи (Мысыр Араб Республикасы), Абдулазиз Сұлтан Әл-Румаихи (Катар мемлекеті), Мұхаммед Абдулла Салех Әл Бахрани (Оман Сұлтандығы), Мұхаммед Саид Мұхаммед Әл-Ариқи (Біріккен Араб Әмірліктері), Мұхаммед Рашид Мағниноу (Марокко Корольдігі), Алааддин Абду-Сәләм Лехуайк (Ливия Мемлекеті), Омар Әл-Кандері (Кувейт Мемлекеті), Камал Феннич (Алжир Халықтық Демократиялық Республикасы), Фейсал Ханеф Әл-Кахтани (Сауд Арабиясы Корольдігі), Хамзе Махмуд Әл-Омари (Иордания Хашимит Корольдігі) және Джабер Наджм Абдулла Әл-Темими (Ирак Республикасы) Діни басқармаға арнайы келіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Палестинадағы жағдайға қатысты айтқан сөзін, жалпы қазақ елінің ұстанымын жоғары бағалайтындықтарын жеткізді.

Ал Палестина мемлекетінің елшісі Монтасер Абу Зейд мырза ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлына елшілікке арнайы келіп көңіл айтқаны үшін ризашылығын білдірді. Бас мүфтидің Таяу Шығыстағы қақтығыстардан қаза тапқан мұсылмандар үшін жамағат болып дұға жасау бастамасына алғыс айтты. Өз кезегінде Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақстан мен мұсылман мемлекеттерінің тығыз қарым-қатынасына себепкер болып отырған елші-дипломаттарға шексіз ризашылығын білдіріп, құрметті қонақтардың игі істеріне сәттілік тіледі.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру