БАС МҮФТИ «БАҚЫТТЫ ШАҢЫРАҚ» ҚОРЫНА ТАРТУ ЖАСАДЫ (ФОТО)

07 қазан 2022 2984 0
Оқу режимі

Бүгін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы «Бақытты шаңырақ» қайырымдылық қорына барып, сый-сияпат жасады. 

Оған себеп елімізде қазан айының екінші жексенбісінде атап өтілетін «Мүгедектер күніне» орай бұл жолы «Зекет және қайырымдылық» қоры арнайы тарту жасады. Игі іс-шара аясында Бас мүфти мүгедек балалары бар отбасыларға қолдау және көмек көрсететін «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қорына «Тұз шахтасын» орнатуға қажетті қаражатты сыйлады.

«Қасиетті Құранда «Жақсылық жасауда жарысыңдар» деген. Біз әрдайым қуантуға тырысамыз. Бүгін Орталықтың жұмысымен таныстым. Еміне шипа іздеп, дертті болған балалар тезірек сауығып кетсін. Балалар ауырмасын. Соларға қамқорлық танытып отырған қордың жұмысына табыс тілеймін», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы. 

Айта кетейік, тұз шахтасы созылмалы ауруларды емдеуде аса айрықша рөл атқарады. Спелеотерапия тау қуысы микроклиматының, тұзды шахталардың, үңгірлердің табиғи микроклиматын пайдалануға негізделген дәрі-дәрмексіз емдеудің ең әсерлі түрі саналады. Тұз шахтасындағы бір процедураны теңізде болған бір күнмен теңестіруге болады.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру