Бас мүфти «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі танытым рәсіміне қатысты (ФОТО+ВИДЕО)

12 қыркүйек 2020 5042 0
Оқу режимі

Бүгін республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде жамағат үшін пайдасы ұшан-теңіз Пайғамбар медицинасы жайлы сыр шертетін іргелі еңбектің танытым рәсімі болып, жаңа кітап оқырманға жол тартты. Игі шараға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, кітап авторы Бижан Маратұлының қуанышымен бөлісті.

Бүгінгі таңда «Әл-Хижама» клиника орталығын ашып, жемісті еңбек етіп келе жатқанына бірнеше жыл болған Бижан Маратұлы бұған дейін осы сала бойынша көптеген үйрету жұмыстарын ұйымдастырып, хижама жасаудың түрлі әдіс-тәсілдерін зерттеумен айналысып келген болатын. Жұмыс барысында әлемнің 30-дан астам елінде тәжірибе жинақтаған жас маман 13 жылдық еңбек жолында қол жеткізген білімін, алған тәлімін оқырман қауыммен бөлісуді жөн санап, «Хижама жасаудың жетілдірілген әдісі» кітабын жазуға бел буған. Көз майын тауысқан қиын жұмыс бұл күнде артта қалып, ақыр соңында жарыққа шығып отыр. Үш бөлімнен тұратын айтулы еңбек арқылы оқырман қауымы хижама жасаудың түрлі тәсілдерімен танысып, руқия ұғымын жайлы мол мағлұмат ала алады. Сондай-ақ, кітап авторы адам ағзасына пайдасы өте орасан табиғи өнімдер жайлы құнды ақпараттарды топтастырған.

Аталмыш еңбектің қоғам үшін қаншалықты пайдалы екенін атап өткен Бас мүфти Бижан Маратұлына шығармашылық табыс тілеп, жұмысы жемісті болуын тіледі. Танытым рәсімі аясында автордың анасы Ханзат Әбдімәжитқызы ақ тілегін ақтарып, ұлының осындай жолда жемісті еңбек атқаруына ықпал жасаған, жәрдемін көрсеткен ел ағаларына алғысын жеткізді.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру