БАС МҮФТИ АЛМАТЫ ОРТАЛЫҚ МЕШІТІНДЕ АШЫЛҒАН КІТАПХАНАМЕН ТАНЫСТЫ (ФОТО)

09 маусым 2023 1900 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы Орталық мешітінде ашылған кітапхана жұмысымен танысты.

Үш мыңға жуық кітап қоры бар кітапхана жұмысын Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы баяндап өтті. Кітап сөрелері ұлт руханиятына берері мол ҚМДБ «MUFTIYAT» баспасынан шыққан еңбектермен толықтырылған. Ақида, Фикһ, Араб тілі, Хадис, Ислам тарихы мен Алаш зиялылары, көркем әдебиет кітаптары мен «Ихсан – рухани тәрбие негізі», «Толық адам», сондай-ақ діни әдебиеттерден бөлек Астана қаласында әйгілі ойшыл Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдығына орай жарық көрген «Адам Жүсіпті «Мәшһүр» қылған адамдық жол...» бес томдық таңдамалы шығармалар жинағы мен Яссауи жинақтары кітап сөресіне қойылған.

«Қала ішінде Аллаға ең ұнамды жер – мешіттер» деп мәні мен мағынасы терең айтылған сөзге сүйенсек алматылық жамағат үшін мешіт кітапханасының пайдасы зор. Құранның алғашқы аяты да білімге үндейді. Білім – екі дүние бақытының кілті. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың ұлағаты – мәдениетте, мәдениеттің ұлағаты – оқу мен әдебиетте», – дегеніндей мешіт қабырғасындағы кітапхана жамағат игілігіне қызмет ету нәсіп болсын» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Алматы қаласына қарасты мешіт имамдары мен ұстаздары да кітапхана қорымен танысты.

 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру