Бас мүфти «Әбдусаттар Сманов» мешітінің ашылуына қатысты (ФОТО)

10 желтоқсан 2021 3815 0
Оқу режимі

Бүгін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Шымкент қаласында жаңадан салынған Әбдусаттар Сманов атындағы мешіттің ашылуына қатысты.

Елімізге белгілі ғалым, дін қайраткері Әбдусаттар Шәкірұлы есімімен аталған мешіттің ашылу рәсімі Құран оқумен басталса, алғашқы болып Бас мүфти құттықтау сөз сөйледі.

«Ағайынды Смановтар – баршамызға белгілі дін саласына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан үлкен әулет. Бүгінде сол әулеттің ұйытқы болуымен ашылған «Сарыағаш» медресесі болашақта имам-ұстаз болуды армандаған қазақтың қарадомалақ ұл-қызының қиялына қанат бітірген әрі еліміздегі таңдаулы діни оқу орындарының қатарында. Ұстаз Әбдусаттар Шәкірұлы ұлтқа, дінге адал қызмет еткен, ажалы жеткенше шәкірттеріне дәріс берген білікті ғалым, майталман маман еді. Мінеки, бүгін Әбдусаттар Шәкірұлының есімі берілген мешітті ашып отырмыз. Жаңа ғимараттың іші-сыртын Алла Тағала нұрға толтырып, Әбдусаттар ағамызды рақымына алғай», – деді ҚМДБ төрағасы.

Сондай-ақ, Бас мүфти ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі болған марқұм Әбдусаттар Сманов жайлы ғибратты естелік айтып, осы мешіттің бас имамы Берік Шотабековке  қасиетті Құран Кәрім мен кәде сыйлық табыс етті.

Бұдан кейін «Сарыағаш» медресе-колледжінің құрылтайшысы Әбдужапар Сманов Бас мүфтиге ризашылығын білдіріп, мешіт салған азаматтарға алғысын жеткізді. Салтанатты шара аясында дінтанушы Мұхамеджан Естеміровтың Әбдусаттар Сманов туралы жазған  «Ұстаз ұлағаты» кітабы үлестірілді.

Сондай-ақ, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 1500-2000 адамға арналған жаңа мешітте жамағатпен бірге жұма намазын оқып, ел амандығы үшін дұға жасады.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру