Бас мешітте Рамазан айына орай онлайн жобалар басталды (ФОТО)

13 сәуір 2021 5006 0
Оқу режимі

Бүгін исі мұсылман қауымы үшін қасиеті ерекше Рамазан айы да басталды. Алла разылығына бөленуді мұрат еткен мұсылман қауымы енді бір ай бойы ораза ұстап, Алланың мейірімі мен рахымы жауған мүбәрак мезгілді сауапқа толы өткізуге тырыспақ. Осы тұста жамағатқа жөн сілтеп, рухани тәлім-тәрбиемен сусындататын діни уағыз-насихат жұмыстарының орны ерекше десек те болады.

Осыған орай, қасиетті Рамазан айының басталуына байланысты республикалық «Әзірет Сұлтан» мешіті бірнеше онлайн жобаларды іске қосып отыр. Карантин режимінің талаптарына сәйкес, мешіттегі барлық уағыз-насихат жұмыстары  онлайн жүйеге ауысып, пандемия басталғалы мешіт қызметкерлерінің дәрістері мен сабақтары, уағыздары әлеуметтік желі парақшалары мен өкілдік сайттарында жарияланып келген болатын.

Қасиетті Рамазан айына орай аталмыш бағдарлама қатары «30 күнге – 30 сұхбат», «Намаз оқып үйренейік», «Онлайн Құран хатым» жобаларымен толығып отыр. Рамазан айының әр күні сағат 14.30-да Елорда имамдары «30 күнге – 30 сұхбат» бағдарламасы аясында оразаға қатысты түрлі тақырыпта сөз қозғайын болады. Сондай-ақ, күн сайын 16.00-де «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Тамирлан Ибраев «Намаз оқып үйренейік» сабағын жүргізбек. Рамазан – қасиетті Құран түскен ай. Осыған орай, елімізге белгілі қари, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Жұманазар Садырханов күн сайын 18.30-да тікелей эфирде Құран хатым жасайтын болады.

айта кетейік, аталмыш бағдарламалардың барлығы да «Әзірет Сұлтан» мешітінің инстаграм парақшасында тікелей эфирден көрсетіледі. Сондай-ақ, бейнежазбасы сайтымызға жүктеліп отырады.

Құрметті оқырмандар! Баршамызға қасиетті Рамазан айын Алла разы болған күйде өткізуді нәсіп етсін!

 

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру