Бас мешітте Мәуліт жыры оқылды (ФОТО)

29 қазан 2021 3491 0
Оқу режимі

Бүгін, қасиетті жұма күні республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) туылған Мәуліт айының құрметіне орай мерекелік шара өтті. Жұма намазына жиылған жамағатқа «Әзірет Сұлтан» мешітінің қызметкерлері, елімізге белгілі қарилар Жұманазар Садырханов пен Мұртаза Балахмет мәуліт жырын оқып, екі дүние сардарының өмірінен өнеге насихаттады. Алдымен Орта Азия мұсылмандары арасында мәшһүр болған Бәранжи мәуліті оқылып, соңынан белгілі дін қайраткері Сәдуақас Ғылмани атамыз аударған қазақша нұсқасы айтылып, жамағатты ерекше әсерге бөледі.

Соңынан сап болып тік тұрып Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) жамағатпен салауат айтылып, алып мешіттің ішін Алла Елшісіне (с.ғ.с.) сүйіспеншілік кернегендей күй кешті. Сондай-ақ, ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) рухына арнайы  Құран аяттары оқылып, Бас имам Ерболат Жүсіпов жамағатпен бірге дұға жасады.

Суреттер топтамасын «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру